Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптаның соңында Иранмен бейбіт келісім жасап, Ормұз бұғазын қайта ашуға үміт білдірді. Алайда ресми Тегеран бұл мәселе бойынша қорытынды шешім әзірге қабылданбағанын мәлімдеп отыр.

Әлем нарығында мұнай бағасы бірден 4 пайызға арзандап, оның Brent маркасының баррелі 86 доллар 57 центке сатылды. Шикізат құнының түсуіне Құрама Штаттардың Иранға соққы беруден бас тартып, Таяу Шығыста соғыс қайта өршиді деген қауіптің біршама сейілуі себепші.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сук Ёль 30 жылға түрме жазасына кесілді. Ол мұндай үкімге әскери жағдай жариялау ниетін ақтап алу үшін Пхеньян аспанына дрондар ұшыруға бұйрық беріп, Солтүстік Кореямен арадағы ахуалды әдейі шиеленістіргені үшін ілігіп отыр. Айта кетсек, биыл ақпанда Юн 2024 жылдың соңында әскери бүлік ұйымдастырғаны үшін өмірбақи абақтыға қамалғаны белгілі.

Америкалық метеорологтар планетамызда ауаның температурасын көтеретін «Эль-Ниньо» құбылысының басталғанын хабарлады. Себебі кейінгі айларда Тынық мұхиттың тропикалық бөлігіндегі су бетінің жылынғаны байқалып отыр. Мұның нәтижесінде 2027 – ыстық жылға айналып, Жер шарында табиғи апат жиілеп, қуаңшылық күшейіп, егін бітік шықпай, талай елдің экономикасы зардап шегуі мүмкін.

Илон Масктің SpaceX компаниясы 555 миллионнан астам акцияны 135 доллардан сатып, 75 миллиард доллар өзіне инвестиция тартты. Бүгін ғарыштық технология мен жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін кәсіпорын биржаға 1,8 триллион долларлық нарықтық құнмен шығып, Маск адамзат тарихындағы бірінші триллионер атануы ғажап емес.


Бөлісу