Шымкентте ерекше балаларды оңалту оң нәтиже бере бастады
Ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалту бағыты кеңейіп келеді. Қозғалысы шектелген жеткіншектерге емді тек арнайы орталықтарда ғана емес, үй жағдайында да үздіксіз жалғастыруға болады. Мемлекет қолдауымен бұл бастама әуелі Шымкентте жүзеге асты. Арнайы жабдықтың көмегімен жаттыққан балалардың бірқатары аяққа тұрып, алғашқы қадамын жасаған.
Шаһардағы оңалту орталығында 13 жастағы Мәди жыл сайын ем қабылдайды. Биыл мемлекет тарапынан оған үйде қолдануға арналған арнайы тренажер берілді. Үздіксіз жаттығудың нәтижесінде жеткіншек аяққа тұруға талпынып жүр. Анасы бұл өзгерісті нақты ілгерілеу деп бағалайды.
Аида Серікова, Шымкент тұрғыны:
Мұндай аппараттар тек ағаш түрінде болған, оның өзін Шымкент қаласында бір кісі жасап сататын, ол аппаратқа қарағанда осы аппараттар өте ыңғайлы. Өйткені бұл көп деңгейлі аппарат болғандықтан, баламның жағдайына, деңгейіне қарай қолдануға болады. Градус бойынша баланы тұрғызуға үйретуге дайындалған.
Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Шымкент бұл бастаманы алғаш қолға алған өңірлердің бірі. Пилоттық кезеңде қозғалысы шектелген балалармен жұмыс оң нәтижесін көрсетті. Өздігінен отыра алмайтын науқас жарты жыл ішінде отыруды үйренсе, бір жылда алғашқы қадамын жасаған.
Салтанат Ыбыраева, әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ҚФ директоры:
Ата-аналар «Социум» қосымшасын жүктейді, сол арқылы балаларды бақылауда ұстап отырамыз. Өзінің логин-паролі беріледі, қосымшаға кіріп, сол жерде күнделікті берілген сілтеме бойынша салып отырады. Ол жерде бес минуттық видеолар бар және де фотосуреттерден есеп жібере алады. Біз соны «Социум» бағдарламасының базасынан бақылап отырамыз.
Жоба аясында Шымкентте 250 бала қамтылса, оның жүзге жуығы өздігінен жүріп, тіпті өзіне қызмет көрсетуді меңгерген. Мамандар мұны жүйелі жұмыспен байланыстырады. Балалар үйде ата-анасымен бірге жаттығып, орталықта мамандар бақылауында болған.
Туа бітті естімейтін балалар да орталықта оңалту курсынан өтіп жүр. Оларға мемлекет есебінен ота жасалып, кохлеарлық имплант қойылған. Соның арқасында балалар дыбысты ести бастады. Қазір мамандар оларды сөйлеуге үйретіп, күнделікті өмірге бейімдеп жатыр.
Замира Орысбаева, Шымкент тұрғыны:
Осы орталыққа келіп жатқанымызға бес жыл болды, өте жақсы нәтиже болып жатыр бізде. Біз 1-сыныпты бітірдік, жалпы орта мектепке барамыз, 2-сыныпқа өттік. Баламда нейросенсорлық кереңдік 4 дәреже, екі құлағына да қойылған, бір құлағында ки аппараты бар. Қазір өте жақсы нәтиже бар деп айта аламын.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту мүмкіндіктері алдағы уақытта кеңейеді. Қазір Шымкентте 150 орындық заманауи реабилитациялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Автор
Ернұр Уәлихан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Шардаралықтар көшелер мен арықтарды тазартты
12.06.2026, 17:38
Ақтөбеде «Jasyl cross – 2026» шарасы өтті
12.06.2026, 17:37
Алматыда инклюзиялық IT шешімдер байқауы басталды
12.06.2026, 17:35
Жоғары білімнің жаһандық мүмкіндіктері талқыланды
12.06.2026, 17:33
ЕҰУ-де Алтын Орда өркениеті кафедрасы ашылады
12.06.2026, 17:30
Сенат төрағасы университет түлектеріне диплом табыстады
12.06.2026, 17:27
Ақмола облысында 2 мыңнан аса операция жасаған зейнеткер хирургке әлі сұраныс бар
12.06.2026, 17:22
Ақмола облысының 5 ауданына 5 мың қаз таратылды
12.06.2026, 17:20