Басты Жаңалықтар Футбол: ӘЧ бүгін басталады

Футбол: ӘЧ бүгін басталады

Бүгін – жер жаһандағы футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен күн. Санаулы сағаттан соң күллі әлем көз тіккен теңбіл доп додасы басталады. Төрт жылда бір келетін мундиальді «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жаһандық бәсекені еліміздің ең үздік 22 комментаторы жүргізеді. Бұл туралы корпорацияның Әлем чемпионаты телетрансляциясына арналған ресми таныстырылымында айтылды. Шара барысында Қайрат Баекеновтің корпорация арналған әнінің тұсауы кесілді.

Қос арна да 39 күн бойы ала доп аламанының шолуын ұсынады. Сонымен бірге әлем кубогына арналған «Матч қарсаңында» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады. Тікелей эфирде спорт саласының мамандары мен сарапшылар құрамалардың мүміндігін бағамдап, өз болжамдарын ортаға салады. Ал біріншілікке аттанған арна тілшілері жанкүйердің эмоциясы мен стадиондағы атмосфераны жеткізеді.
Нағи Бақытбек, «Qazsport» телеарнасының директоры:
Корпорацияның төрт түсірілім тобы сол жерге іс-сапарға кеше аттанды. Сол жерден тікелей эфирде хабар тарады. Халықаралық сигнал арқылы матчтарды тікелей эфирде көрсетсек, сол жердегі әріптестеріміз жанкүйерлердің атмосферасын жеткізеді.

Футбол тойының салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан уақытымен сағат 22:40-та басталады. Негізгі рәсім Мехикодағы аты аңызға айналған «Ацтека» стадионында өтеді. Кеште Шакира, Бурна Бой, Джей Бальвин сынды әлем жұлдыздары өнер көрсетеді. Бұдан бөлек биыл турнирді үш ел қабылдап жатқандықтан, әр мемлекет өз стадионында жеке ашылу шоуын ұйымдастырады. Ал түнгі 12-де топтық кезеңнің алғашқы матчы өтеді. А тобында жарыс қожайыны Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының футболшыларына қарсы ойнайды.

Айта кетейік, биылға әлем кубогына 48 елдің командасы қатысып, барлығы 104 матч өтеді.


Бөлісу