Басты Жаңалықтар Қазақ тазысы үздіктер қатарында

Қазақ тазысы үздіктер қатарында

Қазақтың тазысы Италияда өткен бүкіләлемдік көрмеде үздіктердің қатарынан көрінді. Бұл – World Dog Show 2026-ға ұсынылған иттеріміздің жоғары сапасын ғана емес, Қазақстанда ұлттық тұқымды сақтау және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жүйелі әрі дұрыс жолға қойылғанын дәлелдеді.

World Dog Show – кинологиядағы ең беделді шаралардың бірі. Болонья қаласында өткен көрмеге 70 мемлекеттен 370 асыл тұқымы ит жеткізіліп, барлығы – 31 мың жануар қатысты. Қазақтың тазысы 2 жылдан бері Халықаралық кинологиялық федерация тарапынан алдын ала мойындалған ұлттық тұқым ретінде байқауларға қатысып келеді.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан Кинологтар одағының президенті:

Мақсатымыз – бүкіл әлемге таныту. Бүкіл әлемге тазының тұқымы туралы, ерекшелігі туралы, оның тарихы туралы, еліміз туралы ақпаратты жеткізу.

12 тазы өзге де асыл тұқымды иттермен қатар 3 бірдей байқауға қатысып, бірнеше тұғыр биігінен көрінді. World Dog Show 2026 қорытындысы бойынша Алматыдан барған Челси мен Табиғат Жас Әлем чемпионы, ал астаналық Лашын мен Рея Әлем чемпионы атағын алды.

Әнуар Әлжанов, хэндлер:

Әлем танып жатыр. Дүниежүзіне асыл мұрамыз туралы ақпарат беріп, ұлттық құндылығымызды дәріптей беру өте маңызды деп ойлаймын. 

Көрменің жарқын сәттерінің бірі - қазақы тазыны кең аудиторияға таныстыруға арналған TOP Dog 2026 халықаралық шоуы болды.  Бұл – тектілігі мен ептілігі үйлескен, асыл тұқымды итіміздің жаһандық кинологияда ойып тұрып, өз орнын алғанының белгісі.

Дайан Стюарт Ричи, халықаралық судья:

Жасап жатқан жұмыстарыңыз ғажап! Ұлттық стендеріңіз де ең үздік деген атаққа лайық деп ойлаймын.

Жалпы, қазақы ит тұқымдарын сақтау және дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде осы жұмыстың құқықтық негізін бекіткен Қазақстан Республикасының қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі Заң да бар.

Бөлісу