Бүгін - экологтардың кәсіби мерекесі
Бүгін еліміздің бірегей табиғи байлығын сақтауға үлес қосып жүрген эколог мамандардың кәсіби мерекесі. Осыған орай еліміздің әр өңірінде «Эколог сағаты» мен «Таза Қазақстан» аясында тазалық акциялары өтті.
Көкшетаулық студенттер «Эколог сағаты» акциясы аясында экология департаментінің сынақ зертханасының жұмысымен танысты. Зертхана мамандары атмосфералық ауаға, жер асты мен жер үсті суларына жүргізілетін зерттеулері туралы айтып берді. Іс шара «Бәйтерек» саябағында тазалық акциясымен жалғасын тапты.
Арыстанбек Тасқынбаев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
Ақмола облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешудің жол картасы бекітілді. Онда облысымыздағы экологиялық шешімін таппаған түйінді мәселелер көтерілген. Қопа көлін тазалық жұмыстарын жүргізу, Маңыбай каръерін рекультивациялау, сонымен қатар қатты тұрмыстық полигондарды салу мәселесі қарастырылған.
Семейде экологтар күніне орай Арбат алаңында мерекелік іс-шара өтті. Оның аясында экология саласының бірқатар қызметкерлері Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Нұрдәулет Мұқашов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті бөлімінің бас маманы:
Облысымызда бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Сенбіліктер және ағаш отырғызу, тазалық жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде 293 мың адам қатысып 25 мың тонна қоқыс шығарылды және 21 700 аула тазартылды.
Шымкентте Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай семинар өтті. Жиында оңтүстік өңірдің экологиялық ахуалы сараланып, оны жақсартудың жолдары мен жасыл технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ табиғатты қорғау ісінде еселі еңбек етіп жүрген сала мамандары марапатталды.
Айсұлу Әбдуова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің экология кафердасының меңгерушісі:
Экология пәнінің өзі білім беру жүйесінің барлық салаларында қарқынды түрде қолданылып келеді. Экологиялық проблемалар мемлекеттің болмаса бір қаланың проблемасы емес, ол әр адамның жеке басындағы жауапкершілік деп есептеймін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы