Рәміздер күнін әр аймақта атап өтті
Тәуелсіздігіміздің басты нышандарын шет мемлекеттерде жүрген отандастарымыз да атаусыз қалдырмай ұлықтады. Сонымен қатар Мемлекеттік рәміздер күніне орай еліміздің әр өңірінде салтанатты шаралар өтіп жатыр.
Мәскеудегі Қазақстанның елшілігінде бүгін мерекелік көңіл күй сезілді. Көрші елде уақытша тұрып жатқан дипломаттар, студенттер елден жырақта жүрсе де Егемендігіміздің айғағы саналатын мемлекеттік символдарға құрмет көрсетті.
Талдықорғанда әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мемлекеттік Әнұран орындалып, Рәміздер күніне арналған мерекелік шараның шымылдығы ашылды. Биіктігі 92 метрлік басты ту тұғырға көтерілді. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Жетісу облысының 35 ауылында бір мезетте рәміздер алаңы ашылды.
Бауыржан Барлыбаев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы:
Көк байрағымыздың астына тұрып, оның желбірегенін көру – әр азаматқа, қазақ халқына бір мейрам. Сол көк туымыздың желбіреп тұруы – біздің ұрпаққа, бізден кейінгі ұрпаққа міндет болуы керек.
Ал қызылордалықтар атаулы күні Рәміздер алаңына жиылып, аймақтағы ең үлкен көк ту көтерілді. Шараға қатысушылар Әнұран шырқап, мемлекеттік нышардар дәріптелді. Сонымен қатар патриоттық әндер айтылып, мерекелік думанға ұласты.
Семейде Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Тұғырлы рәміз – тұрақты қоғам» атты салтанатты шара өтті. Республика алаңындағы мерекелік жиын Мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталып, Қазақстанның Әнұраны шырқалды. Көпшілік еліміздің басты нышандарына құрмет көрсетіп, өнер ұжымдары концерттік бағдарламасын қойды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы