Жанармайды шекарадан заңсыз өткізбек болған 430 адам анықталды
Жамбылда жыл басынан бері бензинді заңсыз шекара асырмақ болған 430 адам анықталды. Олар көліктеріне қосымша бензин багын орнатып, жанармайды Қырғызстанға тасымалдамақ болған.
Бас-аяғы 86 көлік айып тұраққа қойылып, 14 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Сұйық отынды сыртқа сатпақ болғандардан 6 тоннадан астам жанармай тәркіленді. Ал көлікке қосымша құрылғы орнату техникалық талаптарға қайшы. Жалпы бензин бағасы қырғыз жерінде қымбат болуына байланысты екі ел азаматтарының алып-сатарлықпен айналысуы тыйылмай тұр. Қазір рейд шарасы Айша-Бибі өткізу бекетінің алдында күшейді. Өйткені мұнда көрші елге тәулігіне 5 мыңға жуық көлік қатынайды.
Нұрбол Қуатбеков, облыстық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
Жамбыл облысында қазір Қырғызстанмен шекаралас 6 пост бар. Мынау Қордай ауданы, Жамбыл ауданы, Меркі ауданында. Көбінесе жеңіл көлік болғанда «Audi», «Passat» соларға қосымша бак орнатып алады да, сонымен келіп дизель тасып кетіп жатыр. Әкімшілік жауапкершілікке тартып, айып тұрағына қоямыз, шагын шештіреміз. Сосын айыбын төлеп, содан кейін барып шығады ары қарай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы