Басты Жаңалықтар Польша мектеп оқушыларына телефон ұстауға тыйым салмақ

Польша мектеп оқушыларына телефон ұстауға тыйым салмақ

Әлемде мектептерде оқушылардың телефон ұстауына тыйым салған елдер көбейіп келеді. Солардың қатарына биыл Польша да қосылуы мүмкін. Бұл мемлекеттердің үкіметтерінің ойынша, байланыс құралдары балалардың білімі мен тәрбиесіне кері әсер етіп жатыр. Технологиялық компаниялар болса, бұл уәжбен келіспей отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ұялы телефон мектептерде өскелең ұрпақтың назарын білімге емес, өзге жаққа аударып, олардың тәрбиесіне де кері әсер етіп жатыр. Дәл осындай уәжді алға тартып әлемнің бірнеше елі байланыс құралдарын орта білім ошақтарында қолдануға заңмен тыйым салуға кірісті. Солардың қатарында Нидерланд, Оңтүстік Корея, Италия бар. Қыркүйектің 1-де бұл мемлекеттердің қатарына Польша да қосылуы мүмкін. Мұнда қазір мектеп ауласына телефонмен кіруді тоқтату, тіпті сол мобильдік гаджетті үзіліс арасында да балаларға ұспатпау мәселесі қарастырылып жатыр.

Дональд Туск, Польша премьер-министрі:

Біз ұялы телефондарды сабақ түгіл, үзілісте қолданбау жөнінде ұсыныс жасамақпыз. Бұл – өркениет үшін үлкен проблема: іс жүзінде барша жұрт, әсіресе жастарымыз түрлі платформаға, ойындарға тәуелді болып барады. Біз болсақ, мәселені шешкеннің орнына дәрменсіз күйде отырмыз.

Ұсыныс мақұлданып кететін болса, Польшада жаңа оқу жылында 7 мен 15 жас аралығындағы балалар мектепте телефон ұстау құқығынан айырылады. Бірақ телефонын тастамайтын оқушылар табылуы әбден мүмкін. Сондықтан мектептерде кепілзат сақтайтын арнайы орын заңмен қарастырылуы ғажап емес және де Польша цифрландыру министрлігі балалардың порнографиялық контенттерді көру мүмкіндігін шектеу жөнінде бөлек заң жобасын ұсынып отыр. Кейбір қоғамдық ұйымдардың ойынша, бұл проблемаларды еңсеруге бір ғана тыйым жеткіліксіз – интернетті қолдану тәртібі де ауадай қажет.

Павел Мрожек, «Оқушылар әрекеті» ұйымының басшысы:

Телефондар мен әлеуметтік желілер жас ұрпақ үшін үлкен қауіп. Дегенмен бәрін білім беруден бастауымыз керек. Автоматты түрде сиқырлы түймені басып, ұялы телефондарға тыйым салу оңай. Меніңше, біз, біріншіден, жастарды сандық гигиенаны сақтауға үйретіп, оларға интернеттің зиянды, қауіпті жақтарын да айтып отыруға тиіспіз. Күні-түні телефонға телмірудің жағымсыз салдары да болатынын әрқайсымыз білуіміз қажет деп ойлаймын.

Дегенмен технологиялық компаниялардың ойынша, телефонды немесе әлеуметтік платформаларды пайдалануды шектегеннен гөрі оларды қалай қолдану  жағына көбірек мән берілуі керек және де олардың пікірінше, бүгінгі заманда смартфондар білім алуда, өзгемен тілдесуде, тіпті қауіпсіздік мәселесінде артықшылықтарға бәрібір ие.


Бөлісу