Басты Жаңалықтар Сарапшы: Шоқан қазақты әлемге танытқан ғалым

Сарапшы: Шоқан қазақты әлемге танытқан ғалым

Шоқан тек қазақ даласын зерттеп қана қоймай, шығыс пен батыс ғылымын байланыстырған бірегей тұлға. Оның еңбектері өз заманында Ұлыбританияда жарияланып, халықаралық деңгейде мойындалды. Шетелдік сарапшылар Шоқанды Орталық Азияны әлемге ғылыми тұрғыда танытқан алғашқы қазақ ғалымы деп бағалайды.

Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары бұрын беймәлім болған шығыс өлкесінің құпиясын ашып, өңір туралы тың деректерді төрткүл дүниеге паш етті. Тарихшы-географ қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен ауыз әдебиетін зерттеуге де зор үлес қосты.Ғалым еңбегінің басым бөлігі оның  мазары орналасқан Алтынемел өңіріндегі мұражайда көрсетілген. Құнды жәдігерлерді тамашалауға жылына орта есеппен 2600-ге жуық адам келеді.
Ихсан Алпысбек, оқушы:
Музей өзінің структурасынан бастап, маған барлығы қатты ұнады. Өскенде Шоқан Уәлиханов сияқты саяхатшы, этнограф, тарихшы, суретші болғым келеді. Мен одан тәртіпті үйрендім. Одан басқа көптеген мәліметтер алдым.
Музейде Шоқанның өмір жолы, саяхаттары, одан өзге деректерді ұсынатын мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Құнды деректер Омбы кадет корпусындағы оқуын, Петербордағы ғылыми орталармен байланысын, этнографиялық және фольклорлық еңбектерін көрсетеді.
Марал Рахатова, Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейінің меңгерушісі:
Музейге келушілер санын 5 мыңнан асыру жоспарда бар. Бізде дөңгелек үстелдер, мерейтойлық іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылады.
Шоқан Уәлиханов небәрі 29 жасында қайтыс болды. Оның дүниеден ерте өтуі тек қазақ елі үшін емес, бүкіл ғылым әлемі үшін үлкен қасірет, - дейді британдық қаламгер Ник Филдинг. Оның айтуынша, Шоқан тек этнограф, тарихшы ғана емес, қазақ даласының болмысын терең түсінген бірегей зерттеуші болған.
Ник Филдинг, британдық қаламгер:
Егер Шоқан ұзақ өмір сүргенде, оның еңбектері әлемге кеңірек тарар еді. Ол тарих пен географиядан бөлек, халықтың мәдениеті мен құқықтық жүйесін де терең зерттеді. Тіпті билер институтын сақтап қалу керек еді деп санаған. Мұның өзі оның қаншалықты терең ойлы тұлға болғанын көрсетеді.
Сарапшылардың сөзінше бүгінде Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның еңбектері қазақ тарихын, мәдениеті мен рухани болмысын тереңнен зерделеген қайталанбас жәдігер, - дейді ғалымдар.


Бөлісу