Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Израиль 900 жыл бұрын салынған қорғанды басып алды

Жексенбі күні Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде 900 жыл бұрын салынған Бофорт қорғанын басып алды. Сонымен қатар, осы маңдағы стратегиялық жота да, ЦАХАЛ-дың бақылауына өткен. Израильдің жаяу әскері Ливан аумағына бойлай ену операциясын кеңейтіп жатыр. Мұны Германия, Ұлыбритания, Франция үкіметтері қатаң сынға алды.

Тәртіпсіздіктер кезінде 800-ге жуық адам тұтқындалды

Францияда футбол жанкүйерлері мен полицейлер қақтығысып, 219 адам жараланды. Тағы 800-ге жуығы тұтқындалған. Тәртіпсіздіктер Будапеште өткен матчта «Пари-Сен-Жермен» командасы Англияның «Арсеналын» жеңгеннен кейін басталды. Тәртіпсіздіктер кезінде Парижде автобустар мен пойыздардың қызметі тежелді.

Алапат дауыл Окинаваға ойысып, әуе рейстері доғарылды

Алапат тропикалық дауыл Жапонияның Окинава префектурасына ойысып келеді. Жауындатқан «Джангми» штормы елдің оңтүстік-батысына сағатына 160 шақырым жылдамдықпен соққы беруі мүмкін. Сондықтан ішкі және халықаралық әуе рейстері доғарылды. Аймақта паромдар теңізден оралып, 7 мыңдай үй жарықсыз қалған.

16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді қолдануға шектеу қойылды

Малайзия билігі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды. Жаңа ереже бүгіннен бастап күшіне енді. Facebook, Instagram, TikTok пен YouTube платформалар қолданушылардың жасын мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеруге тиіс. Ал заңды бұзған компанияларға 10 млн рингит немесе 1,2 млрд теңгеге дейін айыппұл салынады.

Бөлісу