Әлем жаңалықтарына шолу
АҚШ пен Иран сәуірдің басында қол қойылған атысты тоқтату туралы ымыраның мерзімін тағы 60 күнге ұзартуға уағдаласты. Сонымен қатар, тараптар Ормұз бұғазында кемелер қозғалысын шектемеуге келіскен. Мұны «Рейтер» төрт дереккөзге сүйеніп жариялады. Дегенмен осы агенттіктің дерегінше, президент Дональд Трамп мәмілелерді әзірге мақұлдамаған. Ал Иран ақпарат құралдары бұл келісімдердің әлі толық рәсімделмегенін хабарлап отыр.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ел армиясына Газа секторының 70 пайызын бақылауға алуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір палестиналық анклавтың 60 пайызы ЦАХАЛ-дың қарамағында. Айта кетсек, Нетаньяхудың жаңа бұйрығы 2025 жылы қазанда АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен Израиль мен «Хамас» қол қойған бітімнің шарттарына қайшы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада Эбола вирусынан қайтыс болғандар саны 238-ге жетіп, тағы 1077 адам осы індетке шалдықты деген күдікке ілініп отыр. Дегенмен, аталған ұйым қауіпті безгектің тарауына байланысты шекараларды жаппауға кеңес берді. Себебі Эболаның Африка шарпу мүмкіндігі жоғары болғанымен, әлемге төндірген қаупі әзірге төмен.
Еуропа одағы Temu интернет-дүкеніне 200 млн еуро айыппұл салды. Себебі қытайлық онлайн-платформа заңсыз тауарлар, оның ішінде балаларға арналған қауіпті ойыншықтар, ақауы бар қуаттайтын құрылғылар сатқан. Реттеуші органдар мұны тұтынушылардың жалпыеуропалық ұйымына жеткен шағымдарды тексеру кезінде анықтады. Temu өкілдері болса, айыппұл мөлшерімен келіспейтінін мәлімдеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы