Президент ЕАЭО елдерін жасанды интеллектіні бірлесе дамытуға шақырды
Еуразиялық экономикалық одақ – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Кеше Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Президенттің сөзінше әлем нарығындағы ахуал күрделі. Цифрлық өзгерістерге байланысты көп ұзамай жаһандағы «ойын ережесі» толықтай жаңарады. Сол себепті Қазақстан одақ аясында ЖИ технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта еліміздің «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізіліп жатқанын айтты. Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы жүргізу үшін Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен ынтымаққа ашық екенін жариялады. Мәселен жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейту ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы