Иран интернетті қайта қосты
Иранда үш айға жуық уақыт бұрын бұғатталған интернет қайта қосылып жатыр. Жаһандық желіге көптен бері енді қосылған жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Тегерандықтар наурыздың басынан бері қалай күн кешті және бұл шектеуден Ислам Республикасы не жоғалтты?
Әзіл, қуаныш, мойныңнан жүк түскендей жеңілдеу, тіпті түрмеден шығып, бостандықтың дәмін алғаш рет татқандай күй кешу. Иран тұрғындары интернетке қайта қол жеткізгеннен кейін журналистермен сөйлесіп, осындай сезімдерімен бөлісіп жатыр. Айта кетсек, Ислам Республикасы әлемдік желіден 90 күнге жуық уақыт бұрын қол үзіп қалды. Оған себеп – АҚШ пен Израиль ашқан соғыс.
Интернет тоқтағанда жалғыз қалғандай сезіндім. Әлемнен ғана емес, тіпті Ираннан айырылғандай болдым. Балалармен жұмыс істегендіктен, өнер адамы болғандықтан, маған байланыс ауадай қажет. Дүниеден оқшауланып, айналамдағыларды ғана көретін күйге жеттім, мұндай жағдайда өмірде не болып жатқанын түсінбей қалады екенсің.
Президент Масуд Пезешкиан халықаралық интернетті қайта ашу туралы қаулыға дүйсенбі күні қол қойды. Дегенмен жаһандық коммуникацияның жағдайын бақылап отыратын NetBlocks компаниясының директоры Альп Токердің мәлімдеуінше, Иранда қазір интернет-байланыс әлі де шектеулі және тұрақсыз қызмет етіп тұр және де интернеттің бұғатталуынан Иран орасан экономикалық шығынға батып, миллиондаған доллар жоғалтқан.
Өзіміз жүргізген сараптама қорытындысына жүгінсек, шектеу нәтижесінде жалпы ішкі өнім күніне 40 миллион долларға қысқарып отырған. Бұл – өте көп шығын. Санкциядағы Иранға интернет аса қажет. Өйткені мұндай байланыс құралымен бейресми сауда мен бизнестің қосымша түрлерін дамытып, елдің күн көруіне жағдай жасауға болады.
Тегеран тұрғыны Амирарсалан үш айдан бері алғаш рет қосымшаларға кіріп, жұмысын жандандыра бастады. Айтуынша, ол соңғы үш айда 10 жыл кері кеткендей өмір сүрген. Ал ойын консольдерін сататын дүкен қызметкері Сина Бейги болса, онлайн-тапсырыстар күрт азайып, веб-сайтына, әлеуметтік желідегі парақшасына инвестиция мен жарнама тарту қиындағандықтан, кейінгі кездері табыссыз қалғанына шағымданып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы