Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Еуропа елдерінде ауаның температурасы рекордын жалғастырып жатыр. 35-40 градус ыстықпен байланысты аурулардан және суға кету оқиғаларынан Францияда жеті, Ұлыбританияда төрт адам қаза тапты. Сонымен қатар, сынап бағанасы Германия, Швейцария, Испания, Италия, Ирландияда да климаттық нормадан асып кеткен.

Лаостың орталығындағы Ксайсомбун провинциясындағы ауылдың бес тұрғыны су басқан үңгірден аман-есен құтқарылды. Олар бір апта бұрын жоғалып кеткен. Дегенмен, екі адам әлі іздестіріліп жатыр.

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусымен күрес шараларына осы елде жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар кедергі жасап жатыр. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Оның дерегінше, жұқпалы індеттен бүгінге дейін 220 адам қайтыс болып, 900-ден астамы осы ауруды жұқтырды деген күдікке ілініп отыр.

Оңтүстік Кореяның SK Hynix компаниясының акциялары бірден 11,1 пайызға өсіп, микросхемалар өндіретін фирманың нарықтық құнын 1 триллион доллардан асырып, оны Samsung тәрізді бәсекелестерінің қатарына қосты. Сарапшылардың ойынша, бұл өсімге жасанды интеллектінің қарыштап дамуы себеп болып отыр.

Бүгін Сауд Арабиясының Мина жазығында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жамағат шайтанға символикалық тас ату рәсімін орындады. Осы сәтте ислам дүниесінде Құрбан айт мерекесінің бірінші күні басталды. Айта кетсек, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы  соғысына қарамастан, биыл Меккеге бес парыздың бірін өтеу үшін жер-жаһаннан 1 жарым миллион мұсылман барған.

Бөлісу