Басты Жаңалықтар Еуропаға 103 жылда болмаған аптап ыстық жетті

Еуропаға 103 жылда болмаған аптап ыстық жетті

Еуропаның бірнеше елінде 1 ғасырдан аса уақыт болмаған аптап ыстық тіркелді. Мамыр соңында құрлық елдерінде ауа температурасы әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Бұл әсіресе Ұлыбритания, Франция, Испания мен Грекияда байқалып отыр.

Лондонның Хитроу әуежайында сынап бағанасы бүгін 33 градус Цельсийге жетті. Бұл - мамыр айы үшін рекордтық көрсеткіш. Бұған жақын ауа температурасы 1922 жылы Ұлыбритания астанасының Кэмден ауданында тіркелген. Күн ысып, британиялықтар суды көптеп тұтына бастады. Сол себепті жүйеге салмақ түсіп, Сассекс пен Кент графтықтарының тұрғындары тіршілік нәрінсіз қалды. Метеорологтар алдағы күндері аптап ыстық күшейе түсетінін ескертіп отыр. Мәселен, ертең сынап бағанасы  +35 градусты көрсетуі мүмкін.   

Ева, Лондон тұрғыны:

Мұнда 2019 жылы көшіп келдім. Сол уақыттан бері күннің ыстығы күшейе түскені сезіледі. Бұл климаттың өзгеруі, оның салдары туралы маңызды мәселелерді көтеруге мәжбүр етеді деп ойлаймын. Себебі ауа температурасының аса жоғарылауы күллі экожүйеге ықпал етеді.

Аптап ыстық Францияның 20 қаласын жайлаған. Meteo France қызметі мұны бұрын-соңды болмаған, мезгілінен ерте келген және ұзаққа созылған ыстық деп сипаттады. Ыстық ауа райы бірнеше күн бойы сақталады. Күннің шыжуы Парижде өткен теннис матчы кезінде спортшыларға айтарлықтай әсер етті.

Ал өткен жексенбіде Испанияда күн 38 градусқа дейін ысыған. Күннің осыншама шыжуына не себеп? Болжамдарға қарағанда, ол Эль-Ниньо құбылысымен, яғни Тынық мұхиттың тропикалық бөлігінде судың жылынуымен байланысты болуы ықтимал. Ал бұл жаһандық температураның көтерілуіне әкеледі. Еуропалық Одақтың климат туралы соңғы есебіне сәйкес, Еуропа құрлығы тез қызып, мұнда аптап ыстық толқындары да жиілей түскен.

Бөлісу