Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

АҚШ пен Иран көптеген негізгі мәселелер бойынша бір байламға келді. Бірақ мұның бәрі таяу арада міндетті түрде бейбіт келісім жасалатынын білдірмейді. Мұны Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Бакаи мәлімдеді. Айта кетсек, осыған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Делиге сапарында Тегераннан нақты жауап алу үшін біршама уақыт қажет болатынын ескерткен еді.

Дегенмен жаһан нарығында АҚШ пен Иран бейбіт келісімге жақындады деген оптимизм күшейіп келеді. Сондықтан бүгін сауда биржаларында мұнай бірден 4 пайыздан астам арзандап, Brent маркалы шикізат баррелінің құны 99 долларға дейін түсті. Бұл – соңғы екі аптадағы «қара алтын» бағасына қатысты ең төменгі көрсеткіш.

Пәкістанның оңтүстік-батысында пойызда жарылыс болып, 24 адам мерт болды. Тағы 70-і жараланған. Лаңкес жарылғыш зат қойылған көлікті пойыз Кветта қаласы арқылы өтіп бара жатқанда іске қосқан. Көп кешікпей шабуылды «Белуджистанды азат ету армиясы атты сепаратистік топ өз мойнына алды.

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырды деген күдікке іліккендер саны 900-ден асты. Солардың 101-нің диагнозы расталған. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Ал осы індеттен қайтыс болғандар саны 120-ға жуықтап отыр.


Бөлісу