Басты Жаңалықтар Текелі халқы қалдық қоймасынан зиян көріп отыр

Текелі халқы қалдық қоймасынан зиян көріп отыр

Қорғасын мен мырыш өндірісінен қалған қалдық Текелі тұрғындарына қауіп төндіріп тұр. Кезінде аймақ экономикасының тірегі болған ірі комбинат жабылғанымен, одан қалған өндірістік қалдықтар әлі күнге дейін толық жойылмаған. Ал жергілікті билік 2018 жылдан бері қалдық сақтау орнын рекультивациялап, аумақты табиғи қалпына келтіруге тырысып келеді. Алайда мәселе әлі толық шешілмеді. Қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілшіміз Нұрдәулет Сыздық тарқатады.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Осыдан 13 жыл бұрын жабылып қалған Текелі қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтары қала іргесіндегі мына бір алаңқайға жиналған. Өндіріс тоқтады, алайда техногендік қалдықтар жойылмады. Тұрғындар қатты жел кезінде қойма бетінен шаң ұшатынын айтады.

Техногендік қалдық қоймасы 1965-2012 жылдар аралығында қолданылған. Онда тереңдігі 67 метрлік қазаншұңқыр қазылып, 34 млн тонна қоқыс төгілді. Улы шаң-тозаң желмен ұшпас үшін жасанды су айдыны әзірленді. Алайда желді күндері Көл маңындағы ұсақ қорғасын тозаңы ауаға оңай көтеріліп, үйлердің шатырларына, бау-бақша мен жайылымдарға дейін қонатын көрінеді.

-        Мысалы мына біздің алмалардың барлығы да, жеміс-жидектер түгел құрып жатыр. Неше түрлі бәле...

-        Тұрғындар «могильник» дейді. Радиациялық могильник. Қоқым-соқым бар ғой, сонда радиация жоғары дейді. Ал былай жерде онша білінбейді.

Алты жыл бұрын қалдық сақтау орнын консервациялауға мемлекет қазынасынан 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда жұмыстар әлі күнге дейін толық аяқталмады. Жоба әзірлеу кезінде қалдық қоймасына ағызылатын шахта сулары ескерілмепті. Содан бері экологтар нысанды рекультивациялау қажеттігін айтып, жергілікті әкімдікке бірнеше рет хат жолдаған.

Ерасыл Бекжанов, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Қорғасын-мырыштың қалдықтары емес, басқа да ауыр металдармен орналастырылған. Яғни бұл қандай да бір желдің экстремалды жоғары ластану жағдайлары болған жағдайда, атмосфералық ауаға көтеріліп, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына белгілі зиянын тигізуі мүмкін. Онкологиялық ауруларға дейін қоздыруы мүмкін.

Жергілікті билік қалдық сақтау қоймасын рекультивациялау үшін 2020 және 2022 жылдары инвесторлармен келісім жасаған. Алайда технологиялық зерттеулерден кейін жоба тиімсіз деп танылып, мердігер мекемелер жұмысты жалғастырудан бас тартқан. Қазір жауаптылар жаңа кәсіпорынмен келіссөз жүргізіп жатыр.

Қуандық Байсақов, Текелі қаласының әкімінің орынбасары:

Ол кісілер келді қараша айында, 2025 жылдары. Қазір осы жерден анализ алды. Анализді зертханаға өткізіп қойды. Зертханадан кейін қорытындысы шыққаннан кейін, ол кісілер өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

Жоба толық іске асқанда ғана жылдар бойы жырға айналған мәселенің түйіні тарқамақ. Ал оған дейін тұрғындар үмітін үзбей, тағы да күтуге мәжбүр.


Бөлісу