Ыстанбұлда Димаш Құдайбергеннің концерті болды
Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық этноспорт фестивалінде Димаш Құдайбергеннің концерті болды. Оған тек Түркиядан емес әлемнің көптеген елдерінен көрермендер жиналды. Сонымен қатар бұл фестивальге қазақстандық спортшылар мен өнерпаздар да қатысты. Қазақтың ұлттық спорт ойындары көпшіліктің көңілінен шықты.
Димаштың концерті әлемнің қай елінде болса да аншлагпен өтетіні сөзсіз. Ыстанбұлдағы этноспорт фестивалінде концертке мыңдаған адам жиналды. Ашық аспан астында екі жарым сағат бойы тек жанды дауыста ән шырқаған өнерпаз көрермендерін тағы да тәнті етті.
Гүлнұр Сөнмез, түркиялық көрермен:
Димаштың концертіне осымен үшінші рет қатысып отырмын. Өте ерекше өтті. Этноспорт фестиваліне келуі біз үшін үлкен тосынсый болды. Ендігі концерттерінде Димаштың өлеңдерін бірге айту үшін қазақ тілін де үйреніп жүрмін.
Халықаралық этноспорт фестиваліне Қазақстаннан бірқатар өнерпаздар мен спортшылар да келді. Олардың қатарында түркиялық көрерменге таңсық – құмай тазы баптайтындар мен бүркітшілеріміз де бар.
Бағдат Мүптекеқызы, «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті:
Осыдан екі жыл бұрын дүниежүзілік көшпенділер ойынына бірінші рет осы құсбегілік кірді. Содан ел танып Қазақстанның осындай үлкен рухани байлығымыз ғой сондықтан да осы сегізінші этноспортқа арнайы шақырған соған келіп қалдық. Өзіміздің құсбегіліктің Алматы қаласында орталығымыз бар. Мұражай музейіміз бар соны қал қадірімізше халыққа таныстыру үшін алып келдік.
Биылғы этноспорт фестиваліне аударыспақ пен теңге ілу спортының өкілдері де келді. Ат құлағында ойнаған жігіттердің өнеріне шетелдік көрермен жоғары баға берді.
Бейбарыс Сапар, теңге ілу спортынан Азия чемпионы:
Біз Қазақстаннан екі бала болып келдік. Осы теңге ілу спортын көрсетуге, насихаттауға. Халықтың қолдауы, көзқарасы өте ерекше. Қатты қызығады екен мұндай ұлттық спортқа.
Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған фестивальге әлемнің 25 елінен мыңнан аса спортшы мен өнерпаз жиналған. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған фестивальді жыл сайын әлемнің әр елінен келген миллионға жуық көрермен тамашалайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы