Челябі облысында Қазақстанның сауда үйі ашылады
Ресейдің Челябі облысында Қазақстанның сауда үйі ашылады. Отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін шекаралас өңірге экспорттап, табысын еселей алады. Қазақстан мен Челябі облысының арасында сауда-саттық жыл сайын артып келеді. Қазақстандық делегация өңірге арнайы барып, ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырды.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев, бірқатар облыс әкімі, бизнес өкілдерін Челябіде осылай құрметпен қарсы алды. Оңтүстік Оралдағы басты серіктесімізбен шекара 900 шақырымға жуық. Жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде бір миллиард доллардан асады. Алдағы уақытта бұл санды көбейту жоспарда бар.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан мен Ресейдің әріптестігі мемлекетарлық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өңіраралық байланысқа да баса мән берілуде. Жыл сайын өңіраралық форум өткізіліп, сауда айналымы артуда. Бүгінгі таңда біздің алдымызда бұл динамиканы сақтап қана қоймай, оны сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр.
Алексей Текслер, Челябі облысының губернаторы:
Ресейдің өңірлері ішінде Челябі облысы Қазақстанмен сауда айналымы бойынша төртінші орында. Өзара тиімді инвестициялық жобалар да бар. Челябі облысының сыртқы сауда қызметіндегі Қазақстанның үлесі шамамен 25 пайыз.
Өңірде 3000-нан астам қазақстандық студент білім алуда. Сондықтан алдағы уақытта Челябіден Қазақстанға тікелей әуе рейсін ашу көзделуде. Болашаққа бағыт-бағдарды айқындап, жоспарды бекіту, алыс-берісті арттыру мақсатында бизнес форум өтті. Іскерлік жиынға 100-ден астам қазақстандық және ресейлік компания қатысты. Нақты жобалар бекіді.
Артем Трусков, кәсіпкер:
Біздің зауыт Қазақстанмен 20 жылдан бері әріптестікті тоқтатқан емес. Жыл сайын құны 200 миллион болатын құрал-жабдық жеткіземіз. Мұнай және газ өндіру, көлік жасау, ауыл шаруашылығы салалларында да ортақ жобалар бар.
Тауар айналымын арттыру үшін «Бугристое» өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, онда 2028 жылға қарай жолақ саны 32-ге дейін артады. Бұл дегеніміз шекарада кептеліс жойылады деген сөз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы