Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысты
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Сонымен қатар, мерейтойлық 60-пленарлық отырысында елдегі саяси реформалар туралы баяндады.
Әйгілі Таврия сарайында Қазақстан парламентінің 30 жылдығына арналған көрме ашылды. Онда еліміздегі заң шығарушы органның өткені мен бүгінінен сыр шертетін суреттер қойылған. Ал Сенат төрағасы биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан Парламенті дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған және республикалық референдумда халықтан қолдау тапқан жаңа Конституцияны қабылдау аталған ауқымды жаңғырудың негізі екенін де жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің жаңа Ата Заңын қабылдау жөніндегі бастамасын қолдады. Референдум қорытындылары мемлекеттік басқарудың неғұрлым ашық, орнықты және тиімді моделін қалыптастыруға және одан әрі саяси жаңғыртуға бағытталған Президент реформаларының бағытын кеңінен қоғамдық қолдаудың маңызды айғағы болды. Жүргізіліп жатқан реформалар билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, Парламенттің, саяси партиялардың рөлін күшейтуге, консультативтік және қоғамдық институттарды дамытуға, сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Палата Спикері құрамына 58 депутат пен сарапшы енген ТМД ПАА миссиясына референдумдағы жүйелі жұмыс үшін алғыс білдірді. Қазақстан байқаушылардың жұмысын жоғары бағалайды. Ал шетелдік сарапшылар, саясаткерлер мен Парламент өкілдері еліміздегі саяси реформа халықаралық стандарттарға сай екенін айтып, бұл тұрақтылықты нығайтатынына назар аударды.
Марлен Маматалиев, Қырғыз республикасы Жогорку кенешінің спикері:
Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумның сәтті өтуімен құттықтағым келеді. Референдум қорытындысы мемлекеттілікті және құқықтық негіздерді нығайту бағытын қолдайтындығын растайды. Қырғызстан елдеріңізде Қазақстан Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалайды және осы процестерді мұқият қадағалайды. Бауырлас ел болғандықтан, Қазақстанның жетістіктерге жетуіне тілектеспіз.
Ассамблеяның 60-пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев биыл сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашқан Алматы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарына да тоқталып, модельдік заңнаманы дамыту маңызды басымдықтардың бірі екеніне назар аударды. Айта кетейік, ұйымның пленарлық отырысында Қазақстан бастамашы болған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» модельді заң қабылданды. Сондай-ақ Ассамблея алаңында Сенат төрағасы Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Беларусь республикаларынан келген әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Жиын соңында парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар сенаторға ТМД ПАА марапаттары табыс етілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы