Басты Жаңалықтар Мәдениет саласының үздіктері марапатталды

Мәдениет саласының үздіктері марапатталды

Ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандар марапатталды. Президент бүгін Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, сала өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет екенін атап өтті. Салтанатты шара жайлы толығырақ тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.

Мемлекеттің атын шығарып, болмысымызды суреттейтін санаулы сала болса, соның бірі – мәдениет. Осы бір игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп, тер төгіп жүрген мамандар бүгін Ақордаға жиналды. Президент оларды кәсіби мерекесімен құттықтап, алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін!

Қазақ әрқашан өнердің киесін ұғып, өнерпаздың қадірін білген. Ерекше дарын иелеріне лайықты құрмет көрсеткен. Бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Президент мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және елімізге сіңірген айрықша еңбегі үшін жиналғандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Өткен ғасырдың 70-жылдары сахнаға жарқ етіп шығып, бүкіл Кеңес Одағын қазақ әуенімен әуелеткен домбырашы, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистроваға Қазақстандағы ең жоғары мемлекеттік марапаттардың бірі – «Отан» ордені табысталды. Негізгі мамандығы дәрігер болса да, қазақтың қара домбырасын қолынан тастамай, адамдардың тәнін ғана емес, әсерлі әуенімен жанын да емдеген өнерпаз мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқаны хақ.

Татьяна Бурмистрова, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры, «Отан» орденінің иегері:

Салып көздің қиығын,
шіркін, қандай екенсің,
Менің шығар биігім, – дегендей, міне бүгін енді соны сезіп тұрмын. Кәдімгідей денем шымырлап. Енді менің ізімнен еріп келе жатқан дәстүрлі әншілер бар және де өнер иесінің барлығына осындай жақсы, қуанышты жағдайға бөленуге мен тілектеспін.

Мемлекет басшысы әнші, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованы екінші дәрежелі «Барыс» орденмен марапаттады. Президент өз сөзінде Мақпал Жүнісованың қазақ өнеріндегі орнына ерекше тоқталып, оның жезтаңдай әнші, халқымыз жақсы көретін өнер иесі екенін атап өтті. Қазақтың ерке қызы атанған өнер иесі ерекше дауысымен көрермен көңілінен орын алған тұлға.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі:

1999 жылы мемлекеттік премияны алғаннан кейін мен атақ алмаған адаммын. Бүгінгі марапат мен үшін аяқ астынан болған, кеше ғана айтты. Ең биік марапат мен үшін халықтың қошеметі. Халық әрқашан биік тұрады. Ал мемлекет басшысы ескеріп отырғаны өте тамаша. Ол енді маған шабыт беріп, одан да әлі еңбек ету керек екен ғой, әлі де береріміз бар ғой деп президенттен сүйеп жіберу, тіреп жіберу ғой енді.

Ал театр һәм кино актеры, басым көпшілікке шынайы образымен жақсы таныс Азат Сейітметовке «Халық әртісі» атағы берілді. Қазақ өнерінің қайраткері бұл марапатын талай жылғы еңбегінің жемісіне балап, қуанышын жасырмады.

Азат Сейітметов, Қазақстанның халық әртісі:

Ол енді, шынымды айтсам, қобалжып… Мынау өзі Ақордаға бірінші рет келіп тұрмын, кіріп тұрмын. Сол кіргеннен бастап өзіміз біртүрлі қобалжып жүрміз. Қалай болады екен, не болады екен… Енді бәрімізді түсіріп жатыр ғой, соның өзінде көз тоқтап қалған. Бірақ, әрине қуаныштымыз. Кез келген өнер адамының арманы ғой осындай дәрежеге, осындай марапатқа жету.

Өнер саласының үздіктерінен бөлек, музей мамандары да назардан тыс қалмады.

Ләззат Сағындықова, «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры:

Осындай еңбегімізді елеп жатқан Президентімізге алғысымыз шексіз! Бұл марапат — мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта да өнерімізді дамыту жолында қажырлы еңбек етіп, бар күш-жігерімді салуға тырысатын боламын. Көңіл-күй тамаша! Ақордаға келіп, ең алғашқы мемлекеттік марапатымды алу – мен үшін үлкен мәртебе. Барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын.

Өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия 2 есе өседі

Президент енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті екенін баса айтты. Сондықтан ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріледі. Соңғы жылдары олардың жалақылары өсіп, алдағы уақытта алатын стипендиялары арта түспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

Термешілер мен жыршыларға қолдау көрсетіледі

Президент Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беруді ұсынды. Өйткені аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән берілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді.

Президент мәдениет саласының үздіктерін марапаттады

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Президент алдымызда әділетті, таза, өркениетті, түптеп келгенде, озық ойлы Қазақстанды құру міндеті тұрғанын еске салды. Ал бұған жетудің төте жолы – мәдениетті дамыту. Айта кету керек, бүгін кәсіби мерекелеріне орай республика бойынша 100-ден астам сала өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды.


Бөлісу