Басты Жаңалықтар Жаңа Конституция ел дамуына серпін береді

Жаңа Конституция ел дамуына серпін береді

Қазақстандағы саяси өзгерістер демократиялық сипатқа ие. Негізгі  құжат ең алдымен азаматтардың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған. Шетелдік саясаткерлер, сарапшылардың пікірі осыған саяды.

Әр салада тиімді реформа жасап, оң өзгерістерге жол ашу кез-келген елдің дамуы үшін өте маңызды. Қазақстанда жасалып жатқан саяси реформалар мемлекеттің жұмысын оңтайландырып, түрлі салада кешенді өзгерістерге әкелері сөзсіз. Жақында қабылданған жаңа Конституция саяси билік институттарының жұмысын біріздендіріп, жетілдірді. Бұл түркиялық саяси сарапшы Месут Қаракөсенің пікірі.

Месут Қаракөсе, стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы:

Кез-келген қоғамның дұрыс дамуы үшін саяси институттардың жүйелі жұмыс істеуі маңызды. Қазақстанда кейінгі жылдары жүзеге асқан реформалар саяси институттардың тиімді жұмыс істеуіне жол ашты. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары дұрыс қорғалуы мен әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді.

Ал еуропалық сарапшылардың пікірінше, «Қазақстандағы конституциялық реформа-азаматтардың құқығын кеңейтіп, елдегі демократияны күшейтті». Айтуларынша, Жаңа Ата заң саяси институттарға еркіндік беріп, билік пен бұқараның байланысын бекемдеді. Вице-президент лауазымын енгізу, бір палаталы Парламентке көшу-заң шығару процесін жеделдетіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады, дейді сарапшылар.

Марат Тертеров, Брюссель энергетикалық клубының сарапшысы:

Бұл реформалар саяси жүйені, саяси институттарды демократияландыру үшін ғана емес, Қазақстанның азаматтық қоғамы үшін өте маңызды өзгеріс. Әрі бұл елдеріңіздің Тәуелсіздігін онан сайын бекемдеуге бағытталған нық қадам. Қазақстан халқы еркін, жастары ақылды, өз ойын ашық білдіреді. Бұл демократияның көрінісі. Осындай өзгерістер енгізу арқылы мемлекет басшылығы елді, қоғамды дамыған мемлекеттермен тең дәрежеге жеткізуге ұмтылып жатыр.

Жаңа Конституция халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Ол заманауи сын қатерлерге жауап береді. Ресейдегі  зерттеу институттарының мамандары жаңа құжатта «адам» сөзі 70 рет қолданылғанына назар аударды.  Бұл дегеніміз Ата заңда адами капиталды дамытып, гуманитарлық құндылықтарды дамытуға басымдық берілгенін көрсетеді.

Асим Хусейнов , Сарапшы:

Қазақстан экономикасы, әлеуметтік дамуы жағынан соңғы жылдары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар қарапайым халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған. Яғни бұл экономиканың тамырына қан жүгіртіп, өмір сүру сапасын жақсартатыны сөзсіз. Саяси институттар жетілдіріліп, Қазақстан дамудың даңғыл жолына түседі.

Мамандардың пікірінше, Жаңа Ата заң басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, саяси жаңғыруға серпін береді. Елімізге инвесторлардың тартылуына жол ашады.

Бөлісу