Басты Жаңалықтар Эболаның өршуіне байланысты ДДСҰ халықаралық төтенше жағдай жариялады

Эболаның өршуіне байланысты ДДСҰ халықаралық төтенше жағдай жариялады

Африкада Эбола індеті қайта өршіп, ондаған адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Мақсат – ажал вирусының әлемге тарауына жол бермеу. 

Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада Эбола індетінің өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Дегенмен әлемдік агенттік өкілдерінің мәлімдеуінше, Бундибугйо вирусынан басталған ауру пандемиялық төтенше ахуал критерийлеріне сәйкес емес. Алайда Эболаның аталған мемлекеттермен құрлықта шектесетін елдерге тарау мүмкіндігі жоғары. Сондықтан қазір Африкада қауіпті инфекцияның жолын кесу шаралары қолға алынып жатыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің төтенше жағдайларға арналған қорынан жедел көмекке 500 000 АҚШ долларын бөлді. Басты шараларға өзара байланыстың қауіптілігін ескерту, індетті бақылауды күшейту, жұқтыру оқиғаларын белсенді түрде анықтау, клиникалық көмектің қолжетімділігін арттыру және зертханалық тест кіреді.

Конго Демократиялық Республикасының Угандамен және Оңтүстік Суданмен шекаралас Итури провинциясында  Эболаның тарап жатқаны жөніндегі хабар алғаш рет жұма күні жарияланды. Соңғы мәліметке қарағанда,  87 адам қайтыс болып, 336 тұрғын осы ауруға шалдықты деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Ал Угандада Эбола екі адамнан табылды. Олардың біреуі жан тәсілім еткен.

Аллан Бонва, жергілікті тұрғын:

Мен алаңдай бастадым. Угандада біреу Эбола вирусымен жүр деген қауесетті естудің өзі қорқынышты екен. Осы Кампала қаласында жұмыс істеймін. Өзге адамдармен араласу қиын болады. Бұрынғыдай тағы да карантинге жабылуымыз мүмкін ғой.

Эболаның алғашқы белгілеріне дененің қалшылдауы, шаршау, бұлшық ет, бас және тамақ ауруы жатады.  Содан кейін құсып, іші өткен науқастың денесі бөртіп, қан кете бастайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Эболаның қазіргі штаммына қарсы мақұлданған дәрі немесе вакцина әзірге жоқ. Және де оған шалдыққан адамдардың 50 пайызының тірі қалуы екіталай.

Эбола алғаш рет 1976 жылы Конго Демократиялық Республикасының аумағында анықталды. Болжамдарға қарағанда, сол кезде ажал вирусы жарқанаттардан жұқса керек.


Бөлісу