Астананың сәні мен сәулетін бақылайтын арнайы кеңес құрылуы мүмкін
Астанада ғимараттардың сәні мен сәулетін бақылайтын арнайы кеңес құрылуы мүмкін. Енді елорданың көркі тек құрылыс компаниясының емес, мемлекеттік бақылаудың мәселесіне айналады. Шаһар арнайы дизайн-код талабына сай дамиды. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында Астананың мәртебесіне қатысты заң жобасы мақұлданды. Не өзгереді? Қандай талап қойылатынын Самал Қабышева баяндайды.
Астанада екінші әуежай салынуы мүмкін. Ол үшін жер телімі Қосшы, Қарағанды және Павлодар трассасы бағытының маңынан қарастырылып жатыр. Қазір нақты орынды сарапшылар тобы зерттеуде. Қала билігінің айтуынша, қазіргі әуежай жүктемесі артып, елордаға қосымша әуе хабы қажет. Енді Астанада ақылы автотұрақ саны да артуы мүмкін.
Ерсін Өтебаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Қаланың өсуіне байланысты ақылы автотұрақтар саны көбейеді. Сонымен қатар халық тығыз орналасқан сол жағалаудағы кей аудандарда тариф бағасын көтеру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Астанадағы ақылы автотұрақтар қала меншігіне өтуде. Табыс бюджетке түседі. Қазір нақты айту қиын, бірақ бұған дейінгі кезеңдерде айыппұлдармен қоса 5 миллиард теңгеден астам қаржы түскен болатын.
Парламенттің бірлескен отырысында қаралған Астананың мәртебесіне қатысты заңға сәйкес, енді елордадағы ғимараттардың сәні мен сәулетін бақылайтын арнайы кеңес құрылуы мүмкін.
Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Осыған байланысты дизайн-код талаптары ғимараттарға, жол желісіне, жарнама мен сыртқы безендіру элементтеріне қолданылады. Құрылыс, реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Аталған мәселелерді үйлестіру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарлануда.
Астананың кептеліс мәселесі де заңмен реттелемек.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заң жобасында көлік саласына қатысты, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және Астананың жол қозғалысын басқарудың заманауи интеллектуалды жүйелерін енгізуге бағытталған нормалар ұсынылып отыр.
Астана кептелісін шешуге ЛРТ да сеп болмақ. 18 аялдама бекітілді. Әуежайдан шыққан жеңіл рельсті вагонның соңғы нүктесі Нұрлы жол теміржол вокзалына дейін жолаушыларды тасымалдайды. ЛРТ-ны іске қосу ертеңге жоспарланып отыр.
Ал «Астананың мәртебесі туралы» заң елорданың 2035 жылға дейін нақты жоспармен басқарылатын жүйеге айналдырмақ.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Астана қаласының әкімшілігі мен мәслихаттарына өзгерістер енгіздік. Оларға ерік беріп жатырмыз. Мәслихат пен қала әкімшілігі бірлесіп, қаланың ішіндегі өзгерістерге байланысты өздері шешім шығарады.
Заң жобасының басты мақсатының бірі – Астананы халықаралық қатынастар орталығы ретінде дамыту.
Самал Қабышева, тілші:
Енді Астана әр метрі алдын ала есептеліп басқарылатын мегаполиске айналмақ. Бұрын құрылыс артынан жол, мектеп, емхана жетпей жатса, енді инфрақұрылымсыз құрылысқа шектеу күшейеді. Қаланың қай жеріне не салынатыны, көлік ағыны, жасыл аймақ, тіпті сыртқы жарнамаға дейін цифрлық бақылаумен реттеледі. Астана өмір сапасы бірінші орында тұратын «ақылды қала» моделіне өтеді. Заң жобасын Парламент депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы