Басты Жаңалықтар Көкшетауда «Отбасы аллеясы» ашылды

Көкшетауда «Отбасы аллеясы» ашылды

Көкшетауда Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы аллеясы» ашылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар «Әкелер Одағының» отырысы өтті. 

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының былтырғы жеңімпазы Хамзиндер отбасы биыл да өзгеге үлгі боларлық белсенділігімен көзге түсті. «Отбасы ағашы» акциясында  жұртпен бірге ағаш отырғызып, қаланың көкорай-шалғынға айналуына өз үлесін қосты. Отағасы Ғалымжан Әбілқайырұлы жұбайы Гауһар Орынғалиқызымен 49 жыл отасып, 4 бала өсіріп, 8 немере сүйіп отыр. Ол атадан мал қалғанша, тал қалсын деген қағиданы берік ұстанады. Басқа-басқа 50 жыл орман шаруашылығында еңбек еткен азамат бұл сөздің қадірін жете түсінеді.

Ғалымжан Хамзин, Бурабай ауданының тұрғыны:

Бүгін қарағай шыршасын отырғызып жатырмыз. Қарағай негізінде 100-150 жыл бойы өседі. Сондықтан, мысалы, бізідң немерелеріміз неменелеріміз айтып жүретіндей жағдай болады.  Ал негізі отбасы құндылығы  ол бір-бірін сыйлауда. Біздің ата-бабамыз айтып кеткен, біріңе-бірің қарым-қатынас жасаңдар, біріңді-бірің түсініп жүріңдер деген.

Ағаш отырғызуға Хамзиндер шаңырағынан  өзге де үлкен әулеттің өкілдері қатысты. Солардың бірі – Рақымжан Нақыпбеков 7 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке. Оның ордалы отбасы да бүгінгі шараның басы-қасында жүр.

Рақымжан Нақыпбеков, көпбалалы әке:

Міне, егіздер – Аягөз, Ботагөз. Екеуін осы отбасылық ағаш егуге шақырып,  ағаш егіп жатырмыз. Осылардан естелік болсын, кейінгі ұрпаққа аманат.

Осы күні «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Әкелер одағының» отырысы өтті. 2019 жылы құрылған одақтың бүгінде Ақмола облысы бойынша 20 филиалы бар.

Ерлан Закирьянов, облыстық «Әкелер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы:

Жаңа Ата заңда отбасына көп назар салып жатыр. Сол бағытында біз көп жұмыс атқарып жатырмыз. Өзіміздің ереже бойынша, дене шынықтыру болсын, білім болсын, басқа салаларда, рухани тұрғыдан, үлкен кісілерді сыйлау сияқты өзіміздің салт-дәстүрімізді әрі қарай жалғастыру үшін әкелер атсалысып, жұмыс істеп жатыр.

Одақ құрамындағы әкелер отбасы институтын нығайтып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және бала тәрбиесіне өз үлестерін қосып келеді.



Бөлісу