Саммитке 500-ге жуық БАҚ өкілі келді
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне бұқаралық ақпарат құралдарының 500-ге жуық өкілі жиналды. Оның 100-ге жуығы ұйымға мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінен келген журналистер. Түркістандағы университеттің баспасөз орталығына жиналғандар саммит барысын тікелей трансляция арқылы көріп, шартарапқа ақпарат таратты.
Вафа Хамзаева Әзірбайжандық «REAL.TV» телеарнасының тілшісі. Журналист Түркістанға алғаш рет келіп отыр екен. Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуында өзі сияқты бірнеше тілшілермен танысқан. Бұл жерде тікелей эфирге шығып, ақпарат таратуыма барлық жағдай жасалған дейді телеарна жүргізушісі.
Вафа Хамзаева, «REAL.TV» телеарнасының тілшісі:
Саммитте қозғалған тақырыптар барлық түркітілдес елдерге ортақ. Өйткені біздің тіліміз де, мәдениетіміз де, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз де ұқсас. Бүгін біздің мемлекет басшыларымыз елдердің байланысын нығайту жолындағы жасанды интеллектінің рөліне аса мән беріп отыр. Маңызды басқосудағы ұсыныстар мен жобалар алдағы уақытта толықтай жүзеге асады деген ойдамыз.
Сафер Фатих Беяз, «Anadolu» агенттігінің ресми өкілі:
Түркиядан саммитке 15-ке тарта тілші келді. Қазір баспасөз орталығында қызу жұмыс істеп жатырмыз. Тікелей эфирге шығып, материалдар берудеміз. Орталықта қажеттінің барлығы бар. Сондай-ақ қазақстандық әріптестермен де ақпарат алмасып, жаңалықты жылдам жеткізудеміз.
Шетелдік журналистер жиынның маңызын әр қырынан бағалап, саммитті тиімді диалог алаңы ретінде атап өтті. Басқосудағы әңгіме арқауына айналған жасанды интеллект, саяси ынтымақтастықты нығайту мен тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері басты тақырып ретінде қозғалды. Сондай-ақ халықаралық медиа өкілдері саммиттің бауырлас елдер үшін көп жаңалық әкелетінін жеткізді.
Орхан Амашев, «Anews.az» ақпараттық порталы бас редакторының орынбасары:
Бүгінгі саммитте қозғалған тақырыптар қазіргі заманда өте өзекті. Өйткені жасанды интеллект дүниежүзінде, адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Түркітілдес халықтар үшін өте маңызды саналады. Сондай-ақ саммитке қатысушы елдерге де тиімді тұстары көп. Ал маңызды басқосудың Түркістанда өтуі де бекер емес. Көне шаһар түркі халықтарының рухани астанасы және Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы бәрімізге ортақ.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының басын қосқан бейресми саммит «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналды. Келелі басқосуда қарқынды дамып келе жатқан цифрлық дәуірдегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен басым бағыттары жан-жақты сөз болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы