800 шебер екі шақырымдық құрақ көрпе жайды
Еліміздің шығысында әлемдік рекорд орнады. Ұзындығы екі шақырым болатын құрақ көрпе жайылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ауқымды қолөнер туындысын жасауға сегіз мемлекеттен және еліміздің 17 өңірінен келген 800-ге жуық шебер қатысты.
Төртінші жыл қатарынан өткен «Аламан құрақ» жобасының биылғы ауқымы кең. 6 жасар баладан 90-дағы әжелерге дейін көрпе жасауға атсалысты. Ең егде жастағы қатысушылардың бірі - Қызылордадан келген Нағима Қасымбекқызы. Кейуананың қолөнермен айналысқанына жарты ғасырдан асқан.
Нағима Қасымбекқызы, қолөнерші:
Шығыс жеріне келіп тәрбиелі жер екен. Соның бәрін көріп рахаттанып қуанып жатырмын. Халқымыз аман болсын, осындай жастар көбейе берсін.
Асылым Исламқызы, шараға қатысушы:
Мен Ұлытау облысынан келдім. Мені әжем мен мамам тігінші. Мен солардан үйрендім.
Жайылған құрақ көрпелердің басты ерекшелігі - түс үйлесімділігінде. Әрбір өрнек шығыстың әсем табиғатын бейнелегендей. Жасыл түстің таңдалу себебі де осы.
Нұргүл Абайхан, «Аламан құрақ» жобасының жетекшісі:
Біздің мақсатымыз қазақ елінің бренді болса екен дейміз. Бүкіл әлемде ең мықты құрақшылар қай жерде дегенде Қазақта деп айтқымыз келеді.
Бұдан бөлек, шара барысында жылқы бейнесі бар сәндік жастықтарды ұстаған тігіншілердің шеруі өтті. Рекордтар кітабының ресми өкілдері арнайы бейнежазба түсіріп, өлшем жүргізді. Таспаланған материал орталық штабқа жіберілгеннен кейін ресми жауап келді.
Шығыс Қазақстан облысы осы рекорд кітабына кіріп ресми сертификатты осы аумақтың басшысына тапсыруға рұқсат беріңіздер.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ел іші береке бірлікте болса онда алынбайтын асуымыз қамалымыз жоқ. Барлықтарыңызды тағы да осы жеңістермен құттықтаймын. Жетістіктен жетістікке жетуді нәсіп етсін.
Фестиваль соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, өр Алтай төрінде өткен халықаралық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бекарыс Секен, Нұржан Қалекенов, Қазақстан Ұлттық телеарнасы, Өскемен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы