Басты Жаңалықтар АҚШ-тың блокадасынан Кубада отын таусылды

АҚШ-тың блокадасынан Кубада отын таусылды

АҚШ-тың мұнай блокадасы салдарынан Куба мүлде отынсыз қалды. Сондықтан ел астанасының тұрғындары ондаған сағат бойы жарықсыз отыр. Ал күн энергиясынан қуат өндіруге ауа-райының қолайсыздығы кедергі жасап отыр. Коммунистік аралдағы қалыптасқан жағдайға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Кубада дизельдік отын мен мазут қоры түгелдей таусылды. Мұны осы елдің энергетика және тау-кен министрлігі хабарлап отыр. Аралда бұндай жағдайдың қалыптасуына Америка Құрама Штаттарының Кубаны мұнай блокадасына алуы себепші. Энергетикалық дағдарыстың ушыққаны сонша, онсыз да азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отырған карибтік мемлекет астанасы Гавана тұрғындары ондаған сағат бойы жарықсыз отыр.

Висенте Де Ла О Леви, Куба энергетика және тау-кен министрі:

Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын отын көлемі миллиондаған тоннамен есептеледі. Қазір бізде шикі мұнай да, мазут  та бітті; дизель де жоқ. Қайталап айтамын— бізде тек ұңғымалардан алынатын газ ғана қалды.

Блокада салдарынан Куба сырттан шикізат импорттай алмайды. Сондықтан кейінгі кездері ол өз мұнайы мен газына және жаңаратын энергияға сүйенді. Бірақ сол қордың өзі таусылып жатыр. Ал жалпы қуаты 1300 мегаваттық  күн энергиясы станцияларының қызметі ауа-райына тәуелді.

Соңғы мәліметке қарағанда, Гавана жұртшылығы шеруге шығып, жарықтық қайта-қайта өшуіне наразылық білдіріп, жолдарды бөгеді, қоқыс өртеп, үкіметке қарсы ұрандар көтерді.

Родольфо Альфонсо, Гавана тұрғыны:

Біз электр қуатын пайдалану құқығымыздың тапталмауын талап етеміз. 40 сағаттан бері жарықсыз отырмыз. Мен тұратын ауданда төсек тартып жатқан қаншама қарттар бар. Балалар аш. Тоңазытқыштағы азық-түлік бұзылып жатыр. Онсыз да тамақ аз еді. Күйінгеннен көшеге шықтық.

Қаңтарда АҚШ халқының саны 10 миллионға жақындаған Кубаның  мұнайға бай одақтасы Венесуэлаға шабуыл жасады. Содан кейін Вашингтон коммунистік аралдың өзін де Құрама Штаттарға қауіп төндіруші ел деп жариялап, оған «қара алтын» сатуға тыйым салды. Ал Ресей наурызда жөнелткен бір танкер мұнай мамырдың басында сарқылған.

Айта кетсек, Трамп әкімшілігі Куба саяси, экономикалық тұрғыдан ашылмаса, оның үкіметін күшпен құлататынын ескертті. Арал билігі кез-келген әскери интервенцияға қарсылық көрсетуге әуе беріп отыр.


Бөлісу