Басты Жаңалықтар Ғылымға белгісіз болған 130 түрлі жәндік анықталды

Ғылымға белгісіз болған 130 түрлі жәндік анықталды

«Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркінің мамандары ғылымға бұрын белгісіз болған жәндіктердің 130 түрін анықтады. Ауқымды зерттеу жұмыстары бес жыл бойы жүргізілген. Осы уақыт ішінде парк қызметкерлері Зоология институтының ғалымдарымен бірге омыртқасыз жәндіктерді есепке алды. Олардың тіршілік ету ортасын жан-жақты зерттеді. Мамандардың айтуынша, мұндай ғылыми жұмыстар табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап, қоршаған ортаның байлығын терең тану үшін аса маңызды.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде таулы аймақта тіркелген жәндіктер саны 784 түрге жетті. Биолог Әсем Қанапиянованың айтуынша, бұл Жоңғар Алатауының түрлі тіршілік иелеріне бай өңір екенін көрсетеді. Мамандар көктемнен қара күзге дейін таулы аймақтарға экспедиция жасап, көзге байқала бермейтін ұсақ жәндіктерді жіті зерттейді. Әрқайсысын жеке суретке түсіріп, ғылыми сипаттамасын әзірлеуге кіріседі.

Әсем Қанапиянова, биолог-этномолог:

Мемлекеттік инспекторлар жәндіктерге де, өсімдіктерге де, барлық түрлерге бақылау жүргізеді. Олардың санын санайды, есепке алу жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, фенологиялық бақылау жұмыстарын да атқарады. Алғашқы пайда болуы, жаппай пайда болуы бақыланады.

Мамандар «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркінде зерттеу жұмыстарын әлі де күшейту қажет дейді. Себебі бұл аумақта 5 мыңға жуық жәндік түрі болуы мүмкін. Оның ішінде тек осы өңірде ғана кездесетін сирек омыртқасыздар да бар. Қазірдің өзінде ғалымдар мұндай жәндіктердің 16 түрін анықтаған.
Роман Ященко, ҚР ҒЖБМ зоология институтының бас директоры:

Жоңғар Алатауының фаунасы өте ерекше. Зерттеу барысында ғылымға бұрын белгісіз болған жәндіктердің жаңа түрлерін анықтадық. Қазір олардың әрқайсысына ғылыми сипаттама беріп, жан-жақты зерттеп жатырмыз. Бұл жұмыстар табиғи мұрамызды сақтап қана қоймай, жалпы экожүйенің тепе-теңдігін қорғау үшін де аса маңызды.

Жинақталған ғылыми деректер негізінде Зоология институтының ғалымдары арнайы кітап шығарды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми базаға енгізіліп, әлем ғалымдарына жол тартты. Мамандар бұл отандық ғылымды дамытуға және Жоңғар Алатауының байлығын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беретінін айтады.

Бөлісу