Мемлекет басшысы Қазақстанды криптохабқа айналдыру міндетін қойды
Жасанды интеллектіні экономиканың барлық салаларына енгізу қажет, бірақ технологиялық сақтық шаралары мен ұлттық мүддені ұмытпаған жөн. Бүгін Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент осылай деді.
Раушан Сайлауқызы, Тілші:
Автоматтандырылған өнеркәсіп, ақылды қала, онлайн қызмет, жүргізушісіз көлік, блокчейн мен криптавалюталар, инновациялар. GITEX АІ Қазақстан форумы – жәй ғана жиын емес. Мүмкіндіктер алаңы. Бүгін дәл осы форумда әлемнің алпауыт компаниялары соңғы технологияларын ұсынады, тәжірибесімен бөліседі. Ал оны дұрыс бағытта пайдаланып, кәдеге жарату біздің қолымызда.
Президент ең әуелі Үкіметке цифрлық экономиканың ІЖӨ-ге әсерін бағалау жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Өйткені, елімізде цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі де толық жасақталмаған. Бірізділік жоқ.
Онсыз ЖИ-ң ел экономикасына пайдасын саралау қиын.
Президенттің пайымынша, мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды
интеллектіден пайда жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шығарды. Оларды мұқият сараптап, экономикаға тікелей әсерін анықтау керек.
Цифрлық саланы ілгерлетудегі бастамалар көп. Бірақ өзгерістердің әсерін халық әлі толық сезіне қойған жоқ, - деді Мемлекет басшысы. Саладағы сервистік қызметтер халыққа барынша қолжетімді болу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті.
Цифрлық теңгені кеңінен қолдану «ойын ережесін» өзгертеді. Әлемдік алып экономикалар бұл жүйеге әлдеқашан көшкен. Егер табысты жүзеге асса шетелден көбірек капитал тартудың мүмкіндігі мол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады.
Бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісімдер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Сондықтан жасанды интеллект арқылы платформалық тәсілдерді енгізу қажет. Президент осы бағытта үкіметке бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Деректер жүйелі болу үшін ең алдымен қазақ тілін цифрлық жүйелерге толық кіріктіру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жүйеленген деректер – жасанды интеллектіні дамытудың экономикалық негізі. Осы ретте тіл бүкіл жүйені біріктіретін басты құрал болуға тиіс. Ең алдымен, қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіру керек. Сонда ғана деректерді құрылымдап, инновацияны барлық салаға енгіземіз. Ортақ деректер жинақталып, өзара үйлесімді және машина оқи алатындай форматта болуға тиіс. Әйтпесе, ең мықты алгоритмнің өзі дұрыс жұмыс істемейді, оның еш пайдасы болмайды.
Мықты алгоритмді ойлап табу үшін білікті кадр қажет. Бұл мақсатта биыл елімізде Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен де серіктестік құрылды. Одан бөлек, шетелден ықпалды мамандар шақырылды. Таяуда қолданысқа енгізілген «Алтын виза» осындай кадрлердің ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті болуға мүмкіндік береді. Жиынға жасанды интеллектіні дамытудағы әлемдік ықпалды сарапшылар қатысып, ойларын ортаға салды.
Ричард Стирлинг, Geo Oxford талдау орталығының директоры:
GITEX бұл мемлекеттік және жеке сектор, сондай-ақ ірі және шағын компаниялар арасындағы серіктестіктің қаншалықты маңызды екенін көрсететін алаң. Бұл салада нақты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін осы үш тараптың барлығы өз рөлін толық атқаруы қажет. Тек серіктестік арқылы ғана жасанды интеллект өзінің толық экономикалық әлеуетін аша алады.
Жасанды интелект күллі адамзаттың өміріне түбегейлі өзгеріс әкелді. Бірақ, қатерін де ұмытпаған жөн. Қадағалауды күшейтпесе кез-келген цифрлық инфрақұрылым сыр береді Алдағы үш жылда бүкіл саланы сандық форматқа көшіру жөнінде өршіл міндет тұр.Сондықтан Қазақстан үшін мұндай жиындардың маңызы бөлек. Мемлекет басшысы кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесі қаралатынын айтты.
Раушан Сайлауқызы, Тілші:
Әлем қазір аласапыран күйде. Цифрлық сала сиқырлы күшке айналды. Технологиялық текетірестің соңы қайда апаратыны белгісіз. Ақиқаты, бұл көштен қалуға болмайды. Президенттің пайымынша бізде басқа таңдау жоқ. Не тиімді цифрлық экономика құрамыз. Не өркениет көшінің соңында қаламыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы