Басты Жаңалықтар Стоматологиядағы қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Стоматологиядағы қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Астанада тіс емдеу орталығындағы 20 жастағы жігіттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ем барысында пациентке дәрі егілгеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Бірақ әлеуметтік желіде марқұмға аллергиялық сынама жасалмағаны жазылды. Бұл дерек ресми түрде расталған жоқ. Жауапты министрлік тексеріс жүргізіп, медициналық қызмет көрсету талаптарының сақталуын тексеріп жатыр. Тиісті органдар азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.

Айгүл Ысқақова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті профилактикалық бақылау басқармасының басшысы:

Қажетті процессуалдық іс-қимылдар аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау ерте. Комитет өз құзыреті шегінде стоматологиялық көмекті көрсету стандарттарының сақталуына, лицензиялық және біліктілік талаптарына, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін ішкі бақылау жүйесіне бағалау жүргізуде. Қорытынды нәтижелер заңнамада көзделген барлық рәсімдердің нәтижесі бойынша жасалады.

Қазір еліміздегі 622 стоматологиялық мекемеге жаппай тексеріс жүріп жатыр.  Бүгінге дейін талапқа сай келмеген 87 медициналық орталықтың жұмысы тоқтатылып, кейбірінің лицензиясы кері қайтарылған.


Бөлісу