Қазақстан мен Оңтүстік Корея бірлескен фильм түсіреді
Қазақстан мен Оңтүстік Корея киноиндустриясында жаңа кезең басталды. Екі ел алғаш рет «Big tiger media» деп аталатын бірлескен продюсерлік орталық құрып, ортақ жобаларды қолға алды. Алғашқы фильмнің түсірілімін осы айдың соңында бастап кетпек.
Мәдениет пен табиғат. Фильмге деген ортақ түсінік. Бұл қос елдің продюсерлерін біріктірген талаптар. Серіктестер екі елдің көрермендерін жалықтырмайтын туындылар түсіреміз, - деп бас қосып, құлшыныспен ақылдасып жатыр. Бұл жолы кездесу Алматыда өтті.
Се Хван Ким, продюсер:
Қазақстан мен Корея мәдениетінің өзара қызығушылығы бізді осы жобаға алып келді. Алғашқы туындыда қос елдің құндылықтарын насихаттауға ниеттіміз. Сапалы әрі қызықты жобаларды әрі қарай түсіруді жалғастыра бермекпіз.
Әзірге «Азия ханзадасы» деген атаумен алғашқы фильмнің сценарийі тас-түйін дайын. Ал түсірілім мамыр айының соңында басталады. Кинотуындының сюжеті бойынша кореялық жас әртіс Алматыға жарнамаға түсу үшін келеді. Алайда продюсерлермен болған жанжалдан кейін Сеулге қайтудың орнына Қазақстанда қалып қояды. Дәл осы сәтте ол күтпеген қиындықтарға тап болып, жолы қазақтың Тоғжан есімді аруымен түйіседі.
Алена Алмаз, режиссер:
Фильмге екі елдің өте танымал жарқын жұлдыздары түседі. Олардың кім екені әзірге құпия. Кинокартина жанры – романтикаға толы комедия. Көрермендерге жыл соңына қарай ұсынылады, - деп отырмыз.
Жоба тек бір фильммен шектелмейді. Тараптар алдағы уақытта да бірлескен туындыларды көбейтуді жоспарлап отыр.
Сонг Джин Ли, продюсер:
Бірлесіп жұмыс істеу бойынша көп елден ұсыныс түсіп жатыр. Қазақстанды таңдаудағы басты себеп – Алматының әсем табиғаты. Сондай-ақ қазақ халқының еңбексүйгіштігіне тәнті болдық. Сондықтан жобалар жалғасын таба бермек.
Айта кетейік, алғашқы «Азия ханзадасы» деп аталатын фильм қазақ және кәріс тілдерінде көрсетіледі. Ал Корей еліне танымал «ІІІ» поп-тобы музыкалық сүйемелдеу жағын қолға алмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы