Өскеменде мектеп түлектері 2500 түп көшет отырғызды
Шығыс Қазақстанда мектеп түлектері бір мезетте 2500 түп көшет отырғызды. Облыс орталығындағы «Өскемен» аллеясында өткен акцияға өңір басшысы мен педагогтер қатысып, жастарға қолдау көрсетті.
Акция «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында өтті. Бұл 11-сынып оқушылары үшін биылғы ең ауқымды экологиялық шаралардың бірі. Әр түлек ағаштарды өз қолдарымен егіп, туған қаласына деген алғыстарын осылай білдірді.
Кәусар Аянқызы, мектеп оқушысы:
Жалпы қалаға ағаш отырғызу бұл жай ғана шара емес, 48 мектеп мұндай акцияға жиі қатысады. Қаланы жасылдандыру арқылы «Жасыл ел» акциясына, ауаның тазаруына экологияға үлкен өзіміздің үлесімізді қосқымыз келеді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастарға игілікті істің ерекше мәні бар екенін еске салды. Себебі табиғатқа деген жанашырлықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті жастардың бойына сіңіру өте маңызды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
«Таза Қазақстан» дегеніміз әрбір азаматтың ішкі жан дүниесінің, мәдениетінің көрінісі. Әрбір ағаш отырғызған бала енді ол ағашқа жауапты. Оны еш уақытта ұмытпайды. Қанша жылдар өтсін, уақыт өтсін. Қай жерде болмасын, ол сол ағаш туралы біліп жүреді. Ойлап жүреді. Уақыт бұйыртқан кезде бала-шағасымен келіп, баласына мына ағашты мен отырғызғам деп айтатын болады.
Түлектердің мектеппен қоштасуы салтанатты жиынмен шектелмеуі керек. Игі істерге ұйытқы болу жастардың жауапкершілігін арттырады деп санайды акцияға атсалысқандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы