Басты Жаңалықтар Орынборда қазақ-орыс мектебі ашылады

Орынборда қазақ-орыс мектебі ашылады

Орынбордан Ақтөбеге тікелей әуе рейсі қатынайды. Қазақстандық делегация өңірге барып, әріптестік көкжиегін кеңейту мәселелерін талқылады. Бүгінгі күні Орынбор облысы мен Қазақстан арасында 15 келісім жасалған. 

Индира Бегайдар, тілші:

Қазақстан - Орынбордың басты сауда серіктестерінің бірі. Жыл сайын алыс-беріс ұлғайып келеді. Мәселен, өткен жылы тауар айналымы 16 пайызға көбейген. Алдағы уақытта бірлескен кәсіпорындардың санын арттырып, ынтымақтастықты бекіте түсу көзделуде.

Орынбор облысы Қазақстанның үш өңірімен шектеседі. Шекараның ұзындығы - 1876 шақырым. Өңірден Қазақстанға астық, цемент, күкірт, шойын, болат, және тұз әкелінеді. Облыста қазақстандық капиталдың қатысуымен 60-тан астам компания тіркелген.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Өңіраралық ынтымақтастыққа баса мән береміз. Орынбор облысымен өзара сауда номенклатурасы ауқымды, яғни отын-энергетикалық кешен өнімдерінен бастап, азық-түлік тауарларына дейін кіреді. Энергетикалық ынтымақтастыққа келер болсақ, Орынбор газ өңдеу зауытымен өзара іс-қимыл үлкен маңызға ие.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі маңызды көлік жобаларының бірі. Қазақстан аумағы арқылы өтетін бұл жоба Ресейдің Орынбор облысымен түйісіп, Мәскеу мен Санкт-Петербург арқылы Еуропа елдеріне шығады. Сонымен қатар Ақтөбе облысымен шекараға дейінгі жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, «Сагарчин» өткізу пунктін жаңғырту көзделуде. Илецк-1 өткізу пунктіндегі жолақ саны артады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

Осы екі жылдан кейін іске асырамыз деп, жоспарға бекітті. Бірақ олар шегеріп, осы келер жылдан бастаймыз деп, ұсыныстарды салалық министрлігі жасайды. Біз де өз тарапымыздан «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» деген төрт жолақты болады. Енді екі ортадағы Ақтөбеден Жайсанға дейін, осы мәселені қолға алуымыз керек.

Ғылым-білім саласында да әріптестік жандануда. Өңірде алғаш рет орыс-қазақ мектебі ашылмақ.

Евгений Солнцев, Орынбор облысының губернаторы:

Қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды ұсындық. Сонымен қатар бұл тәжірибені орта кәсіптік білім беру бағдарламасына да енгізуге болады. Мәдениет, спорт салаларында да ынтымақтастық жоғары.

Бүгінгі күні Орынборда 120 мыңға жуық қандасымыз тұрады, 9 ұлттық-мәдени қазақ қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Даму мен ынтымақтастыққа бағытталған конференцияда екі тарап ұлттық стратегияларды дамытып, әріптестікті арттыруға уағдаласты.


Бөлісу