Басты Жаңалықтар Каспийдің келешегі: Экожүйе мен экономикаға қауіп

Каспийдің келешегі: Экожүйе мен экономикаға қауіп

Соңғы 10 жылда Каспий теңізінің суы 10 шақырымға дейін тартылған.  Уақыт өткен сайын жағалау алыстап, су орны құрлыққа айналып жатыр. Аралдың бүгінгі ахуалы әлем елдері үшін ащы сабақ болған еді. Ал енді Еуразияның тынысы болған жақұтымызды қалай сақтап қала аламыз?  Жалпы, тіршілік нәрін тиімді пайдаланудың жолдары қандай?

Ернұр Медет, тілші:

Қарт Каспий – бес мемлекетті байланыстырып тұрған ортақ байлығымыз. Жағалауындағы Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан  елдері  айдынды түрлі мақсатта пайдаланып отыр. Ол ірі порттар арқылы жүк тасымалы жүретін маңызды бағыт. Балық шаруашылығы мен өңірлік сауда да үлкен рөл атқарады. Сондықтан мұндағы кез келген өзгеріс тұтас аймақтың ахуалына тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ Каспий бірегей биоалуандылыққа ие аймақ.  Мұнда бекіре тұқымдас балықтар мен тек осы жерде ғана кездесетін Каспий итбалығы тіршілік етеді. Алайда су деңгейінің төмендеуі уылдырық шашатын аймақтарды жойып, тұздылық деңгейін өзгертіп отыр. Негізгі себеп Еділ өзенінен келетін су көлемінің азаюуы. Содан соң жаһандық жылудың салдарынан температураның жоғарылауы булануды күшейтіп, су балансын бұзды.

Томас Эрикссон, Green Climate Fund ұйымының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша директоры:

Әрине Каспий - аймақ үшін ғана емес, әлем үшін де аса маңызды су айдыны.  Теңіз арқылы табыс тауып отырған кәсіпорындар жабылып, мыңдаған маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Біздің негізгі міндетіміз – бейімделу шараларын қолдау.

Өлшей алсаң — басқара аласың деген тәмсіл бар. Каспийді құтқарудың бірден-бір жолы – оны толық тану. Арнайы мониторинг арқылы жиі зерттеу жүргізу қажет, дейді мамандар.

Махир Алиев, Еуропадағы ЮНЕП офисінің үйлестірушісі, Тегеран конвенциясының хатшысы:

Ғылыми топтар құрылып, Каспийдегі өзгерістерді зерттеу және деректерді үнемі жаңартып отыру қажет. Бұл үздіксіз ізденісті талап етеді. Бірақ тек сол арқылы теңізді сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Қол байлайтын тағы бір мәселе - елімізде ихтиолог, океанолог мамандар тапшы. Кадрлық саясат жүйеленбесе, салаға қызығатындар сирек. Тегеран конвенциясы аясында алдағы 10 жылға арналған жұмыс жоспары әзірленіп жатыр. Бес ел жұдырық боп жұмылса, нәтиже шығаруға болады.

Су үнемдеу болашақтың басты талабы

Су - стратегиялық ресурс. Кей елдер үшін қара алтыннан да бағалы. Сырдария мен Әмудария сияқты ірі өзендердің деңгейі уақыт өткен сайын төмендеп барады. Ал оның Аралға құятыны мәлім. Тіршілік нәрі азайған сайын Қазақ пен өзбек ауыл шаруашылық жерлеріне алаңдаса, қырғыз бен тәжікке энергетика мәселесі қиын соғып тұр. Сондықтан үнемдеуден басқа амал жоқ.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Кеше ғана сол Өзбекстан президенті айтты: 10 млрд текше метрге дейін суды үнемдеуге жұмыс істеп жатырмыз. Ол су үнемделсе, әрине үнемделген бір бөлігі қайтадан Сырдария өзеніне келеді де, ең соңғы өзіміздің кіші Аралға түседі. Біз әрекет жасап жатырмыз.  Бүгінгі күні барлық халықаралық, содан кейін Орталық Азияда барлық кездесулерде біз осыны айтып жатырмыз. Бір-бірімізбен түсінік бар.

Орталық Азиядағы су көздерінің басым бөлігі трансшекаралық. Яғни, бір елде басталған өзен екінші елдің тіршілігіне әсер етеді. Сондықтан бұл жерде жеке мүдде емес, келісілген саясат қажет, дейді сарапшылар.

Каролина Стар, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының маманы:

Дипломатия дегеніміз - толық қанағаттану емес қой. Белгілі бір деңгейде екі жақтың да бір нәрседен бас тартуы. Яғни ешкім 100% жеңіске жетпейді, әр тарап белгілі бір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болады. Табиғат заңдары шекараны мойындамайды. Өзендер мен жер ресурстары «бұл менікі, анау сенікі» деп бөлінбейді.

Иә, қауіпсіздік ортақ мүдде, ортақ мәселе. Жиі айтылатын су дипломатиясы осындай жиындар арқылы ғана алға ілгерілемек. Әр жүздесудің тамшыдай ықпалы болса, көптің ұтқаны.

Бөлісу