Басты Жаңалықтар Шетелдік БАҚ экологиялық саммитті талқылап жатыр

Шетелдік БАҚ экологиялық саммитті талқылап жатыр

Астанада өтіп жатқан өңірлік экологиялық саммитті шетелдік басылымдар жан-жақты талқылап жатыр. Әлемнің әр түкпірінен келген журналистер жиынның маңызын әр қырынан бағамдауда. Шетелдік әріптестерімізді тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тыңдап келді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Тарихтағы тұңғыш өңірлік экологиялық саммит. Euronews агенттігі Астанада өтіп жатқан ауқымды шараны осылай атады. Жалпы, жаһанды алаңдатқан маңызды мәселелер талқыланып жатқан жиын туралы әлемдік БАҚ жарыса жазуда. Мәселен, саммиттен ақпарат тарату үшін Астананың өзіне алыс-жақын шетелден 100-ге жуық журналист келген.
Бірі Қазақстанды жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешімдер іздейтін тиімді диалог алаңы ретінде сипаттаса, енді біреулері елімізді «жасыл бастамаларды» өңірлік интеграция құралына айналдырып отырған бастамашыл мемлекетке балайды.
Альберто Прието Де Чамосос, «El Español» газеті директорының орынбасары:
Шынымды айтсам, біз Қазақстанды әлі де толық танып үлгермедік. Батыс Еуропада Орталық Азия туралы ақпарат көп емес. Сондықтан өңірдегі мәселелерге тереңірек үңілу – әуелі өзіміз үшін қажет, екіншіден өте қызық. Ал ол үшін өңірлік экологиялық саммит таптырмас алаң деп айтар едім.
Лим Джэ-Сонг, «The Korea Herald» газетінің редакторы:
Өңірлік ынтымақтастықтың осындай деңгейде дамып, тиімді жүзеге асырылып жатқаны ерекше әсер қалдырды. Әдетте, экологиялық мәселелер елдер арасындағы шиеленістің себебіне айналып жатады, өйткені мемлекеттер табиғи ресурс үшін бәсекеге түсуге мәжбүр. Алайда Қазақстанның жетекші рөлінің арқасында бұл бағытта үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс жүргізіліп отыр. Барлық мемлекеттердің президенттері мен жоғары деңгейлі ресми тұлғалары сессияларға белсенді қатысып, нақты әрі практикалық маңызы бар мәселелерді жан-жақты талқылап жатыр.
Ал әзербайжандық әріптестеріміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ» деген сөзін ерекше атап өтті. Өйткені олар да біз сияқты қарт Каспидің жағдайына алаңдаулы.
Равшан Ілиясов, «AZTV» телеарнасының Орталық Азиядағы меншікті тілшісі:
Бұл саммитте Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтауға көңіл бөлініп отырғаны қуантады. Өйткені Каспий барлығымыз үшін ортақ мүдде, ортақ экономика. Кеше осы мәселені президенттер талқылады. Бүгін панельдік сессияларда кеңінен талданып жатыр. Қазақстан бұл ауқымды шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Ризамыз.
Азия-Тынық мұхит аймағындағы мәселелерге қалам тартатын жапондық The Diplomat, The Times of Central Asia, Түркияның Yeni Şafak, Өзбекстанның Gazeta.uz басылымдары және CNN, Euronews медиа агенттіктері бұл кездесу келешекте Орталық Азияда климаттың өзгеруімен күрес жолында әлдеқайда кеңірек науқан жүргізуге түрткі болатынын жазған. Айта кету керек, саммитке Орталық Азия мен Кавказ елдерінің президенттері, үкімет басшылары және беделді халықаралық ұйымдардың 1500 өкілі қатысып жатыр.

Бөлісу