Басты Жаңалықтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысында GRECO ұсынымдарының орындалуы қаралды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысында GRECO ұсынымдарының орындалуы қаралды

Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының ұсынымдарын жүзеге асыру барысы қаралды. Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Әділет министрлігінің баяндамалары тыңдалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бағытындағы шаралардың маңызын атап өтті. Ол 15 наурызда өткен референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция елдің «мемлекет адам үшін» моделіне көшкенін және адам құқықтары басты басымдыққа айналғанын айтты. Жаңа Ата заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар күшейтілді. Ерлан Қарин бұл реформалар халықаралық деңгейдегі келіссөздерде маңызды негіз болатынын атап өтті. Сондай-ақ Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызына тоқталып, ұлттық мүдде басымдық болып қала беретінін жеткізді. Жиын қорытындысын бойынша «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыты екені айтылды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Жаңа Конституцияда маңызды жаңашылдықтар өте көп және барлық сала мен бағыттарды кеңінен қамтыған. Атап айтқанда 35-бапта сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысы немесе құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі сотпен танылған адамдардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануға құқығы жоқ екені көрсетілген. Бұл норма алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді.
Бөлісу