Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері басталды
Бүгін Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері басталды. Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ музей, театр, білім беру, кино, концерттік ұйым мамандары қатысқан дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында Аида Балаева екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер, кинофестивальдер өткізіп, өнер ұжымдарының гастрольдерін үздіксіз ұйымдастырып келеді. Министр былтыр өткен осындай кездесуде талқыланған бастамалардың бүгінде нақты нәтиже беріп жатқанын айтты. Музей және архив ісінен бастап, барлық бағытта оң өзгерістер бар. Ресей Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев Қазақстанмен мәдени байланыстар жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, екі елді ортақ рухани құндылықтар біріктіреді.
Андрей Малышев, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары:
Ұзақ жылдар бойы қос тарап бір-бірін жылы қабылдап, бірлескен талай жобалар жасап келеді. Себебі өнерде шекара жоқ. Былтыр Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері аясында өте талантты театр әртістері, балет труппалары, опера әншілері келіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара жоғары деңгейде өтті. Ал бүгін Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері басталды. Бұл екі елдің саяси-экономикалық бағытта ғана емес, мәдени-рухани тұрғыда тығыз байланыста екенін көрсетеді.
Этнографиялық материалдар каталогы дайындалады
Дөңгелек үстелде мәдениет саласының бірнеше бағыты қамтылды. Мәселен, Мемлекеттік Эрмитажбен бірге 2027 жылдың күзіне жоспарланған жаңа археологиялық көрмелер мен экспозицияларға дайындық жүріп жатыр. Ал Қазақстан Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі бірігіп, этнографиялық материалдар каталогын әзірлеуге келісті.
Юлия Купина, Ресей этнографиялық музейінің директоры:
Біз Қазақстан тарапымен әрдайым тығыз байланыстамыз. Бүгін осы әріптестікті қайта жаңғырту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойдық. Біздің этнографиялық музей мен Қазақстанның Ұлттық музейі арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Өйткені мұнда білікті мамандар жұмыс істейтінін білеміз. Бірлесе отырып каталог дайындаймыз. Бұл – үлкен еңбек. Оған ғалымдар, әдіскерлер, реставраторлар, суретшілер және авторлар қатысады.
Реставрация саласында екі елдің әріптестігі артады
Реставрация саласындағы әріптестік те арта түспек. Қазақстан мамандарды Ресей орталықтарында тағылымдамадан өтеді, ал шекаралас аймақтағы музейлер архив ісі бойынша бірлескен жұмыстар атқарады. Сондай-ақ биыл күзде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Третьяков галереясы ұсынатын «XX ғасырдағы орыс өнерінің 30 жауһары» атты көрме ашылады. Бұған дейін керісінше Ресей тарапы біздің туындыларды тамашалаған болатын.
Гүлайым Жұмабекова, Ә.Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры:
Мәдениет министрлігінің қолдауымен мемлекеттік Третьяков галереясында Ә.Қастеев атындағы өнер музейінен көрме ұйымдастырылды. Онда біздің Қазақстан классиктерінің 50-ден аса жұмыстары қойылды. Сол кезде 2 ай ішінде 60 мыңнан аса көрушілер келіп, жақсы пікірлерін қалдырған болатын.
Қазақстан-Ресей: Ортақ киножобаларды жүзеге асырмақ
Кино саласында фестивальдік көрсетілімдерден бөлек, фильмдерді бірлесіп түсіруге басымдық берілмек. «РОСКИНО» ұйымы ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Ал «Қазақфильм» киностудиясы «Уақыт» фильмі бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Түсірілім Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ Ресейдің Мемлекеттік киноқорында сақталған қазақ киносының құнды мұрасын цифрландыру жұмыстары жүргізіледі.
Кездесуде жас композиторлардың тәжірибе алмасуы, джаз музыкасын дамыту, концерттік турлар бойынша байланысты күшейту, хореография саласында бірлескен жобалар жасау, тағылымдамалар, шеберлік сабақтар және қос диплом бағдарламаларын енгізу мәселелері қаралды. Жиын қорытындысында Аида Балаева айтылған ұсыныстардың барлығы алдағы жұмысқа негіз болатынын жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы