Басты Жаңалықтар «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Астанада Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Пилоттық бастамаға Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарынан 190 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Зерделі оқырман 8 айдың ішінде 2 миллионнан астам кітап оқып үлгерді. Байқау қорытындысы бойынша 462 адам жеңімпаз атанды. Оның 156-сы – бірінші орын иегерлері. Үздіктерді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов арнайы құттықтап, жобаның маңызын атап өтті. Сондай-ақ елде кітапхана саласында оң өзгерістер барын жеткізді. Әсіресе шалғай елді мекендерде кітап қоры көбейіп, оқырмандар саны артып келеді. Ал ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылып, онлайн кітап сатылымы 50 пайызға өскен. Мәжіліс спикері елімізде оқырман санын ұлғайту үшін маңызды шаралар қабылданғанын да атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Президентіміз халқымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, алдағы 2 аптада оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Кітап оқитын ұлтқа айналу – ол мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы.
Бөлісу