Өңірлік экологиялық саммитте қандай ұсыныстар айтылды?
Қазақстан алдағы 15-20 жыл ішінде су тапшылығы жоғары мемлекеттер қатарына енуі мүмкін. Сіз бен біз елей бермейтін бұл ескертудің маңызы күн санап артып келеді. Сондай-ақ табиғи апаттар жыл сайын өңір экономикасына миллиардтаған доллар шығын әкеліп, мыңдаған адамның өмірін қиып жатыр. Сондықтан мемлекеттер тек салдарымен күреспей, алдын алу және бейімделу механизмдерін бірге дамытуы қажет. Саммитке келген халықаралық сарапшылардың ұсынысын Ернұр Медет тыңдап келді.
Ашығын айтсақ, барлығын бір алаңға тоғыстырған - қауіпсіздік мәселесі. Ғалымдардың болжамынша, тіпті жаһандық жылыну 1,5 градуспен шектелгеннің өзінде 2050 жылға қарай Орталық Азияда ауа температурасы айтарлықтай жоғарылайды. Салдарынан құрғақшылық жайлап, ауыл шаруашылығы өнімі азаяды. Өрт көбейеді. Бұл экологиялық апаттың тікелей экономикаға әсері.
Зульфия Сүлейменова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
Бастапқыда 2023 жылы осы саммитке дайындық басталған кезде біз өзімізге негізгі үш сұрақ қойдық. Біріншісі - бұл саммит өңірлік ынтымақтастықты қалай өзгертеді. Екіншісі - ол экологиямызды қалай өзгертеді. Үшіншісі - бұл біздің халық пен елімізге қандай пайда әкеледі.Бұл сауалдардың жауабы айшықтала бастағандай. Өңір елдері экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтынын көрсетті. Бүгінде өңірдегі басты проблемалардың бірі – жердің деградациясы. БҰҰ деректеріне сәйкес, Орталық Азиядағы жер қорының 20 пайыздан астамы тозған. Бұл шамамен 80 миллион гектар аумақ деген сөз. Табиғи апаттың шекарамен шектелмейтіні белгілі. Орталық Азия бүгінде климаттық өзгерістердің алдыңғы шебінде. Сарапшылардың сөзінше, бұл саммит қауіпке қарсы күш біріктіруге арналған маңызды алаң.
Виорел Гуцу, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі:
Бұл тізбек ақыр соңында азық-түлік өндірісінің азаюына, тағамдағы пайдалы қоректік заттардың жетіспеуіне әкеледі. Ал бұл өз кезегінде адамдардың дұрыс тамақтануына және денсаулығына әсер етеді. Ал саммитке қатысушылар бірігіп, өзара келісім арқылы қауіппен күресетінінін айтты. Ортақ мүдде болса, нәтиже де болатыны анық.Қазіргі таңда аймақ елдерінің энергетикасы негізінен көмір мен газға тәуелді. Мысалы, Қазақстанда көмірдің үлесі өте жоғары. Алайда өңірдің күн мен жел энергетикасын дамытуға әлеуеті зор. Сондықтан басты міндет – жаңартылатын энергия көздеріне көшу, және көміртек шығарындыларын азайту. Халықаралық жиынға тек Орталық Азияның емес, Еуропалық білікті мамандар да келген. Олар қоршаған ортаны қорғау ісінде өзара тәжірибе алмасуға дайын.
Ева Крахт, Германия Қоршаған орта, климат, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік жөніндегі Федералдық министрлігі департаментінің Бас директоры:
Германия өнеркәсібін сақтай отырып, экономиканы экологиямен бірге дамытуға тырысып жатыр. Сол үшін арнайы сауда жүйесін енгіздік. Бұл мемлекет зауыттар мен компанияларға ауаға қанша зиянды газ шығара алатынын шектеп, әр компанияға жылдық лимит қойылады. Егер компания аз ластаса, артық «квотасын» сатып, ақша табады, ал көп ластаса, қосымша рұқсат сатып алуға мәжбүр болады. Сондықтан аз ластау тиімді, көп ластау қымбат – осылайша компаниялар өздері-ақ экологияны сақтауға көшеді.Кез келген стратегия нақты механизмдерсіз іске аспайтыны анық. Сондықтан саммиттің тағы бір маңызды бағыты – «жасыл» қаржыландыруды дамыту, жаңа технологияларды енгізу. Бұл ең алдымен адамзаттың денсаулығы үшін аса маңызды, дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры.
Тедрос Гебреисус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры:
Климаттық дағдарыс денсаулық саласындағы дағдарыспен пара-пар. Сол себепті де нақты әрекет жасалуы тиіс. Жасыл экономиканы күшейту қажет. Осы салаға аймақ елдері біріксе, инвестиция тартса, адам денсаулығын сақтауға септігін тигізері сөзсіз.Егер ұсынылған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асса, өңір тек экологиялық дағдарыстарды еңсеріп қана қоймай, тұрақты дамудың жаңа моделіне өте алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы