Басты Жаңалықтар Үкіметте инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Үкіметте инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Үкіметте инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік органдардың, өңірлік әкімдіктердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты. Премьер-Министрдің тапсырмасымен құрылған штабтың негізгі мақсаты – инновация саласындағы жұмыстарды үйлестіру және елдің технологиялық даму бағыттарын айқындау. Кеңесте Қазақстандағы инновацияларды дамытудың жаңа тұжырымдамасы талқыланды. Құжатта мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және білікті кадрлар даярлау мәселелері қамтылған. Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – «Ғылым арқылы инновация» моделінен «Инновация арқылы ғылым» моделіне көшу. Бұл озық технологияларды игеріп, оларды жергілікті жағдайға бейімдеу арқылы отандық ғылымды дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет енді процесті емес, нақты нәтижеге бағытталған жобаларды қолдауға басымдық береді. Отырыс қорытындысында инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары мақұлданып, мемлекеттік органдар мен өңірлерге нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Рахым Өтеев, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры:

Талқыланған сұрақ қазіргі инновация концепциясы шығып жатыр ғой. Сол концепция қандай өзгерістер жасалынып жатыр? Ғылым жағын, инновация жағын қалай дамыту керек - сол туралы көп инциатива бар. Сол инциативалар бойынша біз өз ұсынымызды бердік.

Бауыржан Құдайбергенов, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы:

Иннвацияны енгізу жұмысты едәуір жеңілдететіні анық. Біздің Кентау трансформатор зауытында 2018 жылдан бастап өндірісті роботтандыру жобасын жүзеге асырып келеміз. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 50 пайызға артып, өндірістегі ақау саны 85 пайызға азайды. Бүгінде біз ең күрделі және еңбек шығыны жоғары учаскелерді автоматтандырып жатырмыз. Жалпы, роботтандыруды металлургия, ауыл шаруашылығы, машина жасау сияқты барлық салада қолдануға болады. Толық автоматтандыру жүзеге асқан жағдайда өндіріс тиімділігі бірнеше есе артып, өнімнің өзіндік құны төмендеп, сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.


Бөлісу