Ақтөбе облысында екі ауылға табиғи газ берілді
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында екі ауылға табиғи газ берілді. Ақкемер және Кемер елді мекендерінің тұрғындары бұл қуанышты көптен күткен еді. Енді олар отын тасып, күл шығару бейнетінен құтылды. Ақкемерді газбен қамту жобасы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асып, 65,5 млн теңге бөлінді.
Бұл ауылдағы баспаналар мен қора-жайлар екі жыл бұрын су тасқынынан бүлінген еді. Дегенмен мемлекет қолдауымен апат зардабы тез арада жойылып, жаңадан 16 үй салынды. Оның үстіне елді мекенге көгілдір отынның келуі бұл қиындықтарды ұмыттырды дейді тұрғындар.
Салтанат Сәпиева, Ақкемер ауылының тұрғыны:
Осы күнге дейін көмір жағып келдік, от жағып келдік. Осы жаңа үйге көшіп келгенімізге екі жыл болды. Тезекті қысқа дайындайтын едік. Қазір, міне, ауылымызға газ келіп, қуанып жатырмыз. Көп-көп рахмет!
770 адам тұратын Кемер ауылы үшін де қуанышты күн. Табиғи газ елді мекендегі 159 үй мен 20 әлеуметтік нысанға жеткізілді. Жобаға 207 млн теңгеден аса қаржы бөлініп, 15 шақырым құбыр тартылды. Тұрғындар бұған дейін қыс мезгілінде отынға жүз мыңдап қаржы жұмсап келгендерін айтады. Газ құбырын іске қосу шарасына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Халық риза. Себебі ауылға тіршілік келеді, халық тұрақтайды. Көптеген мәселе шешіледі. Келер жылы да осындай жобаларды биыл дайындап, құрылыс-монтаж жұмысын жалғастырамыз. Әрине, көп қаржы талап етеді. Бірақ Үкімет үйі де өз қолдауын көрсетіп келеді.
Былтыр өңірде 13 мың адам тұратын 32 ауылға табиғи газ жеткізілген еді. Биыл жыл соңына дейін тағы 8 елді мекенді қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде облыста көгілдір отын пайдаланатын халықтың үлесі 98 пайызға жуықтайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы