Көші-қон саласында тәртіп күшейеді
Биыл елімізде шетелдіктерге қатысты заңсыз көші-қонның 5 арнасы жойылған. Ал жыл сайын елде 8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік иесі азаматтарды жалған тіркегені үшін ұсталады. Бүгін Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда көші-қон жағдайы және оны реттеу шаралары қаралды. Енді осы салада тәртіп орнату мақсатында бірқатар шара қабылданбақ. Бұдан былай, елде тұрақты тұруға рұқсат алуға қойылатын талаптар күшейтілді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері қызметін реттеу, оның ішінде Бірыңғай мемлекеттік тізілім құру және нарыққа қолжетімділік өлшем-шарттарын енгізу жөніндегі шаралар қосымша пысықталып жатыр.
Қазақстан шетелдік жұмыс күші үшін тартымды ел бола түсуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанды талантты адамдарды тартатын, яғни білімді әрі ауқатты адамдар жұмыс істеуге, бизнес жасау үшін келетін орынға айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл көші-қон саясаты мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Біз бұл салада тәртіп орнатып, барлық мүдделі тараптарға түсінікті нақты «ойын ережелерін» орнатуымыз керек
Сондай-ақ жиында Президенттің «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 40 мыңға жуық адам жарақат алып, 2,5 мыңдай адам көз жұмады. Министр жол апатына, көп жағдайда инфрақұрылымының жай-күйі, қыс мезгілінде және автокөліктердің техникалық жағдайы әсер ететін айтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы