Басты Жаңалықтар Израиль мен Ливан атысты 10 күнге тоқтатты

Израиль мен Ливан атысты 10 күнге тоқтатты

Израиль мен Ливан бітім жариялап, атысты 10 күнге тоқтатуға келісті. Мұны АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Айта кетсек, жақында екі ел 34 жылда алғаш рет ресми келіссөз өткізген. Ливандағы соғысты аяқтау - Иранның АҚШ-пен келіссөздерде қойған негізгі талаптарының бірі еді. Осы мәселені де талқылаған кездесу өткен аптада Исламабадта басталып, нәтижесіз аяқталған еді. Ымыраны Тегеранға жақтас «Хезболла» қолдап отыр. Сонымен қатар атыстың доғарылғанын Израиль премьері де растады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Ливанмен тарихи келісім жасауға мүмкіндік бар. Президент Трамп мені және Ливанның президентін шақырып, мәмілеге қол жеткізуге тырысады. Атысты 10 күнге тоқтатуға келістім. Бейбіт келісімге келу жолында екі талап бар: біріншісі – Хезболланың қарусыздануы, екіншісі – тұрақты бітімге келу.

Трамп Иранға қарсы соғыстың жақында аяқталатынын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы соғыстың да таяуда аяқталатынын және екі жақты келіссөздердің демалыс күндері қайта басталуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар оның сөзінше, Тегеран өзінің байытылған уранын өзге елге жіберуге келіскен. Дәл осы мәселе қарулы қақтығысты тоқтатуға қатысты негізгі түйіткілдің біріне айналған. Дегенмен Иран Трамптың мәлімдемелеріне байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.


Бөлісу