Басты Жаңалықтар Мордовияда қазақ мәдениеті дәріптелді

Мордовияда қазақ мәдениеті дәріптелді

Ресейдің Мордовия Республикасы Саранск қаласында Қазақ киносының күндері өтті. Тұрғындарға отандық  бірнеше танымал туынды  ұсынылды. Қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан жергілікті жұрт ұлттық киноның дамуына жоғары бағасын берді.

Бұл туындылар қазақтың белгілі тарихи тұлғаларының өміріне арналған. Қазақ киносының күндері республикада алғаш рет өтті. Шара  ең алдымен екі елдің мәдени байланысын тереңдетуге бағытталған.

Сонымен қатар «Қазақстан – дала мен таулар симфониясы» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Онда еліміздің табиғаты мен мәдени мұрасын бейнелейтін фотосуреттер қойылып, келушілерге Қазақстанды жақынырақ тануға мүмкіндік берілді.

Светлана Баулина, Мордовия Республикасының мәдениет, ұлттық саясат және мұрағат істері жөніндегі министрі:

Мәдениет халықтарды жақындастыра түседі. Біз қазақстандық театр ұжымдарын Мордовияда өтетін театр фестивальдеріне шақырамыз. Өйткені қазақ халқы өз мәдениетін қалай сақтап, дәстүрін дәріптеп жүргенін көріп қызығамыз.

Қазақстан - Мордовияның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 13%-ға ұлғайып, 149 млн долларға жеткен. Алайда алыс-берісті арттыруға енді баса мән берілмек.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

Саранск қаласындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен таныстық.  Қазақстан көлік-логистика саласында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Сондықтан бұл салада да әріптестікті жандандыруға негіз бар.

Саранск қаласында мыңға жуық қазақ тұрады. Жуырда ашылған  құрметті консулдық та Қазақстан мен Мордовияның арасындағы байланысты бекемдей  түспек.


Бөлісу