Сенек ауылында құм көшкінін тоқтату үшін 5 мыңға жуық сексеуіл мен жүзген егілді
Маңғыстауда Сенек ауылында құм көшкінін тоқтату мақсатында 45 мыңға жуық сексеуіл мен жүзген отырғызылды. Қазіргі таңда өсімдіктердің жақсы өсіп-өнуіне жағдай жасау үшін құмның етегіне кепкен қамыс төселіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құм көшкіні тоқтап, ауылға төнген қауіп сейілген.
Сенек ауылы - облыс орталығынан шалғайда орналасқан, 1700-ге жуық түтіні бар елді мекен. Ауылдың географиялық орналасуы ерекше - бір жағында тау, екінші жағында құмды алқап жатыр. Көшпелі құмның көлемі 8 шақырымнан асады. Құм көшкінінің салдарынан ауылдағы бейіттер, ескі мектеп және бірнеше тұрғын үй құм астында қалған. Бұдан 20 жыл бұрын алғашқы сексеуілдер егіліп, құм көшкінін тоқтату жұмыстары жүргізілген еді. Жоба жалғасын тауып, жуырда елдімекен аумағына 38 мың сексеуіл мен 6 мың жүзген отырғызылды. Қазіргі таңда егілген өсімдіктерді құм басып қалмауы үшін олардың айналасы қамыспен қоршалып жатыр.
Қазіргі таңда құмның жиегіне қураған қамыс отырғызылып жатыр. Бұл кеше ғана егілген сексеуілдерді құм басып қалмау үшін арнайы жасалып жатқан әдіс. Ол үшін міне осылай тоқылған қамыстастар қаз-қатар орнатылады.
Сексеуілдер Қызылорда облысынан арнайы әкелінген. Мамандар өсімдіктердің шөлейт жерге бейімделуін жеңілдету үшін оларды аласа етіп отырғызған. Қазіргі уақытта сексеуілдер бүршік жарды. Алда жасыл желекке бүркіп суару әдісі қолданылмақ.
Оңғарбай Оңдасын, агроном:
Негізгі жылжу себептері механикалық составына байланысты. Себебі бұның түйіршіктері майда. Шаң тәрізді. Сондықтан жел болса бұл көтеріліп, көшіп кете береді. Әрдайым жел болып тұрады. Сондықтан жылда ызғары күшті болса мына шөптер өсіп оны жылжытпайды. Қазіргі таңда сол үшін алдын алып, егіп жатқан проект бұл.Ауыл ақсақалы Разғали Құлпыбаев құмды тоқтату жұмыстарының нәтижесі көріне бастағанын айтады. Оның сөзінше, бұған дейін егілген сексеуілдер елдімекенді құмнан қорғап, ауаның тазаруына оң әсерін тигізіп отыр.
Разғали Құлпыбаев, Сенек ауылының тұрғыны:
Егер қолға алмаған жағдайда мына елді құм басатын еді. Құм деген мынау ауылымызға шейін келіп тұр еді. Қазір оны қайтадан қолға алып, төменгі жағынан кәдімгі сеткісін тартып, керемет қылып жасап жатыр. Бұл жұмыс аяқсыз қалмау керек әлде де.Құм көшкінін тоқтатуға арналған жоба 5 жылға жоспарланған. Оның аясында шамамен 100 гектар аумақ қоршалып, өсімдіктер отырғызылды. Мамандар сексеуілдер толық өсіп-жетілгенге дейін оларды бақылауда ұстайтын болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы