Басты Жаңалықтар Түркияда халықаралық парламент ассамблеясының 152-отырысы өтіп жатыр

Түркияда халықаралық парламент ассамблеясының 152-отырысы өтіп жатыр

Ыстанбұл қаласында Парламентаралық Одақтың 152-ші Ассамблеясы өтті. Оған Парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов та қатысты. Халықаралық жиынның бас тақырыбы – «Болашақ ұрпақ үшін үміт ұялату, бейбітшілікті нығайту және әділдікті сақтау». Жиынға қатысушылар бүгінгідей тұрақсыз әлемде бейбіт диалогтың аса маңызды екенін бірауыздан қолдады.
Жиынға қатысқан Мәжіліс төрағасы өз сөзінде қазіргі алмағайып заманда парламенттік дипломатияның маңызына мән берді. Еліміздің аймақтық және әлемдік тұрақтылық үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып отырғанын тілге тиек етті.
Ерлан Қошанов, Қр Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Қазақстан әрдайым Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды, ашық әрі сындарлы диалогты, жанжалдардың бейбіт жолмен реттелуін қолдайды. Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәйекті іске асырып келе жатқан еліміздің сыртқы саясатының іргелі қағидаттары. Біздің мемлекетіміз белсенді түрде бейбітшіл саясат ұстанып келеді. Астана мен Алматы бірнеше рет келіссөздер алаңына айналғаны өздеріңізге мәлім. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиялары құрамында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосып отыр.
Делегаттар Таяу Шығыстағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін парламенттердің белсенді жұмыс істеп, өзара байланысын нығайтуы қажеттігін атап өтті.
Хасан Туран, Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің депутаты:
Парламент халықтың қалауы мен ар-ожданының символы. Ел билігі қаншалықты маңызды болса, парламенттер де соншалықты маңызды. Қазір әлем үлкен бір ауыл, ал адамзат бір үйдің баласы сияқты. Сонықтан осындай басқосуларда әлемдегі түрлі күрделі мәселелерді, соғыстарды, дағдарыстарды шешу жолдарының талқылануы өте маңызды.
1889 жылы құрылған Парламентаралық одаққа 183 ел мүше. Қазақстан бұл ұйымға 1993 жылы кірді. Ыстанбұлдағы жиынға 157 елден екі мыңнан аса парламент өкілі қатысты. Алдағы төрт жыл бойы бұл кеңеске Түркия төрағалық ететін болды. 19 сәуірге дейін жалғасатын форум соңында делегаттар ортақ декларацияға қол қояды.






Бөлісу