Басты Жаңалықтар Вашингтон Тегеранмен келісім жасауға үмітті

Вашингтон Тегеранмен келісім жасауға үмітті

Таяу Шығыста соғыстарды аяқтауға деген оптимизм күшейіп келеді. Қазір АҚШ пен Иран дипломатиялық келіссөздердің екінші раундын өткізу мәселесін талқылап жатыр. Ал Израиль мен Ливан жақын арада атысты тоқтату туралы келісім жасауы мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Сәрсенбі күні Пәкістан армиясының қолбасшысы Асим Мунир Тегеранға барып, Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен кездесті. Тараптар бүгін де жүздесіп, жеті аптаға жуықтаған соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің екінші раундын ұйымдастыру мәселесін талқылайды.

Ақ үй мәлімдегендей, тараптар арасындағы диалог тағы да Исламабадта өтуі мүмкін. Бірақ оны қайта бастау жөнінде әзірге нақты келісім жоқ. Сонымен қатар Америка әкімшілігі Тегеранға осыған дейін қабылданған ымыраның мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады деген ақпаратты растамай отыр. Дегенмен қандайда бір келісім жасалып қалады деген үміт те жоқ емес.

Кэролайн Левитт, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

Әзірге бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Дегенмен келіссөздерге белсенді түрде қатысып жатырмыз. Қандайда бір мәміле жасау перспективасын оптимистік тұрғыдан бағалар едік.

Ал Америка Иранға экономикалық қысым жасап, оны дегеніне көндіру үшін порттарды блокалауды жалғастырып жатыр. Теңіздегі қозғалысты бақылайтын компаниялардың дерегінше, бұл операция нәтижесіз емес. Соңғы 48 сағатта бірде бір кеме АҚШ әскерилерінің шектеуінен өтпеген. Және де 9 танкер порттар мен жағалауға қайтарылды. Дегенмен Иранның «Фарс» агенттігінің хабарлауынша, санкциядағы бір супертанкер Ормұздан өтіп, Имам Хомейни портына бағыт алған.

Мохаммадреза, Тегеран тұрғыны:

Менің ойымша, бұл блокаданың мақсаты – біздің порттарымыз мен кемелерімізді жан-жақтан шектеп, мұнай экспорты мен азық-түлік пен өзге де тауарлар импортына жол бермеу. Мұның нәтижесінде еліміз аштыққа, қуаңшылыққа және өзге де проблемаларға душар болуы мүмскін ғой.

Айта кетсек, АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашқанда, Тегеранның Ливандағы одақтасы «Хезболла» еврей мемлекетінің солтүстігіне шабуыл жасай бастады. Содан кейін Израиль Бейут пен өзге аудандарды бомбалап, мыңдаған адамды мерт қылды.

Президент Дональ Трамп мәлімдегендей, осы соғысты тоқтату үшін тараптар бүгін келіссөз жүргізеді. Ал Британияның «Файниэншл таймс» газетінің дерегінше, атысты тоқтату туралы мәміле жақында жасалуы мүмкін.


Бөлісу