Басты Жаңалықтар «Селт еткен сезім» телехикаясы күзде көрермен назарына ұсынылады

«Селт еткен сезім» телехикаясы күзде көрермен назарына ұсынылады

Қазақстан ұлттық арнасының қоры тағы бір кино туындымен толығады. Қызылордада «Селт еткен сезім» телехикаясының түсірілімі басталды. Мелодрама жанрындағы романтикалық комедия еліміздің әсем табиғаты мен таңғажайып орындарын көрсете отырып, көрерменді шым-шытырман оқиғалармен баурап алмақ. Ауқымды жоба туралы тілшіміз тарқатып айтады.

Кино әлемінде кез келген түсірілім тәрелке сындырудан басталса, «Селт еткен сезім» телехиякаясының шығармашылық тобы бірауыздан ыдысты шытынатпай, үлкен жобаны қазақы ырыммен, ақжарма тілекпен бастады.

Телехикая желісі Жәнел есімді ару мен Қазақстанға өз бауырын іздеп келген Заңғардың қарым-қатынасы негізінде өрбиді. Қазіргі қоғамды суреттейтін кинотуынды отбасы құндылығын дәріптеп, жастарға еркін таңдау жасау құқығын және махаббат пен жауапкершілікті ұғындыруды көздейді. Ал ондағы кейіпкерлер арқылы түрлі саланың ішкі тыныс-тіршілігі көрсетіледі.

Рабина Белгібаева, актриса:

Бұл телехикаядада менің рөлім театр акрисасын сомдау. Басты рөлдегі персонаждың жақын құрбысымын. Телехикаяда шым-шытырман оқиға өте көп. Өте қызықты болады. Әр серияда көрермен келесісін көруге асығатындай сериал болғалы тұр.

30 бөлімнен тұратын телехикаяның тағы бір миссиясы – ол еліміздің әсем табиғатын, көрікті жерлерін кеңінен насихаттап, ішкі туризмге жол салу. Сондықтан Қазақстанның бірнеше өңірінде түсірілім жоспарланған. Сыр өңіріндегі локациялар тарихы терең театрдан басталып отыр. Және бұған дейін ешбір телехикаяда болмаған ерекше орындар таспаланбақ.  

Гүлназ Тілеубек, бас продюсер:

Жалпы біздің телехикаямызда Қорқыт ата кесенесінде өрбитін оқиға бар. Сол жерде түсіреміз. Содан кейін міндетті түрде Байқоңыр қаласына барамыз. Ол жерде зымыранның аспанға ұшу сәтін түсіреміз. Ол бір дубль. Біз енді оны әр секундын санап, сол сәттің бәрін дұрыс пайдалану үшін қазір үлкен дайындық жүріп жатыр.

Телехикаяның түсірілімін жас та болса талантты режисер Еділ Ақылбаев басқарады. Жас актерлер құрамынан бөлек Бақытжан Әлпейісов, Берік Айтжанов, Лиза Серікова секілді қазақ киносының алыптары басты рөлдерді сомдайды. Қазақстан ұлттық арнасының төл туындысы «Селт еткен сезім» телехикаясын көрермендер күзде көгілдір экраннан көретін болады.


Бөлісу