Вашингтонда бүгін Израиль-Ливан келіссөзі өтеді
АҚШ астанасында бүгін Израиль-Ливан келіссөзі өтеді. 30 жылдағы алғашқы бетпе-бет кездесуге екі елдің Вашингтондағы елшілері мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысады. Израильдің басты талабы – «Хезболла» тобының толық қарусыздануы. Бұған қоса, тараптар бейбіт келісімге келу мүмкіндігін талқыламақ. Ал «Хезболла» басшысы Ливанды келіссөзден бас тартуға үндеп, кездесуді мағынасыз деп атады.
Түркияда мектепте атыс болып, 16 адам жараланды
Түркияның Шанлыурфа қаласындағы мектепте болған атыстан 16 адам жараланды. Зардап шеккендер қатарында 10 студент, 4 мұғалім, бір полиция және асхана қызметкері бар. Ал оқ атқан жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады. Марқұм бұрын осы мектепте оқып, кейін басқа оқу орнына ауыстырылған. Оның бұл қылмысқа не себепті барғаны әзірге белгісіз. Қазір оқиға жан-жақты тергеліп жатыр.
Пхеньян қанатты және кемеге қарсы зымырандарды сынақтан өткізді
Солтүстік Корея қанатты және кемеге қарсы зымырандарды сынақтан өткізді. Олар нысанаға дәлдеп тиген. Шарада «Чое Хен» эсминецінің тиімділігін тексеру көзделген. Сынақтың өту барысын Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды шенеуніктермен және әскери-теңіз күштерінің жетекшілерімен бірге тамашалады.
Қытайда BYD көліктері тұрған гаражда өрт тұтанды
Қытайдың Шэньчжен қаласында BYD электромобильдері кампусының аумағында өрт шықты. Жалын сынақтан өтуге арналған көліктер тұрған көпқабатты гаражды шарпыған. Әзірге тілсіз жаудың тұтануына не себеп болғаны белгісіз. Өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, отты сөндірді. Оқиға компания үшін күрделі кезеңде болып отыр. Өткен айда BYD көліктерінің саудасы былтырға қарағанда төмендеп кеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы